«Qazaqstan дауысы» жобасы көрерменге жол тартады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qazaqstan дауысы» жобасы көрерменге жол тартады

03.09.2021

Ертеңнен бастап Ұлттық арнада «Qazaqstan дауысы» жобасы көрерменге жол тартады. Жаңа маусымның ерекше шоуы еліміздің түкпір-түкпірінен келген шынайы таланттардың басын қосып, дүйім жұртқа ерекше бағдарлама ұсынбақшы. Ең ауқымды музыкалық жоба жыл соңында тағы бір жарық жұлдызды өнер аспанына шығарады. Дарын Сағитов тарқатады.

Ардақ Төлепберген - Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі. Жобада бақ сынауға өтініш берген 6 мыңнан астам жастың бірі. Қазір Ақтөбеде Ғазиза Жұбанова атындағы филармонияда еңбек етеді. Бала кезінен әнге құмар ол бағы мен бабын «Qazaqstan дауысында» сынап көрмекші.

Ардақ Төлепберген, жобаға қатысушы:
Келген масқатым – осы конкурста өзімнің деңгейімді көрсету. Жаңа бағытта өзімді көргім келді. Маған қатты ұнайды. Алдыда талай қызықтар күтіп тұр деген үміттемі.

 «Qazaqstan дауысы» - әлемнің 100-ден астам елінде көрсетілген әйгілі голландиялық «The Voice» телешоуының қазақстандық нұсқасы. Үміткерлер онлайн және оффлайн форматта іріктелді. Жобаның алғашқы «Көрмей тыңдау» кезеңіне 100-ден аса әнші таңдалған.

Аида Тілеухан, «Qazaqstan дауысы» жобасының бас продюсері:
Формат бойынша 16 мен 59 жас аралығындағы үміткерлер қатыса алады. Басты шарт – ерекше вокалдық қабілеттің болуы. Өйткені, көрмей тыңдау кезеңінде оларға әртістік қабілеті, бет-әлпеті, киімі көмектеспейді. Тек қана вокалы мен энергетикасы ғана.

Үміткерлерді талантты тани білетін 4 тәлімгер таңдайды. Олар қазақ өнерінің мақтаныштары. дүйім жұртқа белгілі Майра Мұхамедқызы, Сәкен Майғазиев, Маржан Арапбаева және Alem. Олар шәкірттерін жеңіске жетелей отырып, өнердің қыр-сырына үйретіп, тәжірибелерімен бөліседі.

Маржан Арапбаева Әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
Бұл сәтті жіберіп алмау керек жастарымыз. Қазіргі таңда жастар өте талантты сияқты бұрынғыға қарағанда, менің ойымша. Бұлардың ұмтылысы мықты, ізденісі мықты. Керемет дауыс иесі жеңу керек деп ойлаймын.

Табиғи дауысымен тамсантып, дарынымен дараланған жеңімпаз желтоқсанның соңында белгілі болады. Оған дейін тартысты бәсеке, ерік-жігер мен маңдай тер. 4 кезеңнен тұратын «Qazaqstan дауысы» ертең, кешкі сағат 20:40-та көрерменге жол тартады. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды анықтайтын өнер сайысы әр шаңырақтың төрінде әннен шашу шашатын болады.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу