Отандық геологтар елімізде тұңғыш рет Жезқазған өлкесінде әлемде теңдесі жоқ құрылғылардың көмегімен ғылыми-зерттеу жұмыстарын бастап кетті. Соның арқасында көлемі жағынан қазіргі кеніштерден кем түспейтін тағы да қазба орындар табылуы мүмкін.Жалпы жер қойнауын кешенді зерттеу, геологиялық барлау ісін жетілдіру қажеттігін Мемлекет басшысы Жолдауда баса айтты. Тілшіміз Руслан Нұрланұлы алғашқылардың бірі болып жезді өңірде тұңғыш рет қолданысқа енгізілген геофизикалық тың әдістермен танысып қайтты.
Мына тікұшаққа ілінген шар тәрізді құрылғылардың іші толы датчиктер. Қосақталған аппарат 150 метр биіктен барынша айқын аэро-геофизикилық түсірілім жасай алады. Соның арқасында жер қойнауын 1,5-2 шақырым тереңдікке дейін барлап көруге болады. Сөйтіп цифрлық жүйе көмегімен нақты аэро-геофизикалық карта жасалады. Әзірге әлемде мұндай ұшақтың тек екеуі ғана бар.
Олег Бабишен, канадалық компанияның инженері:
Бұл теңдесі жоқ жүйе. Аппарат зерттеліп жатқан жер шарының барлық сигналдарын көшіріп, индукциялық токтарды есептей келе, пайдалы қазбалардың бар-жоғын, көлемін анықтай алады. Егер жақсы нәтижелер болса, онда келесі кезеңге, яғни бұрғылау жұмыстарына кірісуге болады. Бұрын бұл жұмыстарға өте көп уақыт кетсе, қазір бірер мезетте атқару мүмкіндігі туды.
Бұрын бұл алқап дрондармен де зерттелген. Бірақ, олар көлемі шағын болғандықтан жер қатпарын терең зерделеп, түбегейлі ақпарат алу мүмкін болмапты. Енді жаңа құрылғылардың көмегімен жерасты аэро- геофизика төңірегінде тың зерттеулер жүргізілмек.
Ғалым Нұржанов, «Qazaq Geophysics» компаниясының бас директоры:
Президент бізде геологиялық ұлттық қызметті құрсын деген нақты тапсырма берді. Нағыз қазіргі уақытқа керек мәселе. Өйткені өздеріңіз білесізде Қазақстанға инвесторлар келуі үшін геологиялық базамыз ол ашық болуы керек. Сондықтан осындай технологияларды біз елімізге әкелуге шешім қабылдадық.
Жезқазған өңірінде соңғы кешенді зерттеу жұмыстары тек 1974-ші жылдары жүргізілді. Енді жыл соңына дейін бұл өлкеде толыққанды ғылыми-зерттеу жұмыстары атқарылмақ. Геологтардың болжамынша қойнауындағы қазынасы қазіргі кеніштерден кем түспейтін қазба орындарының табылуы әбден мүмкін.
Руслан Нұрланұлы