Ауғанстанда «Талибанды» құрушылардың бірі – Молла Барадар үкімет басқаруы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауғанстанда «Талибанды» құрушылардың бірі – Молла Барадар үкімет басқаруы мүмкін

03.09.2021

Ауғанстанда «Талибанды» құрушылардың бірі – Молла Барадар үкімет басқармақ. Мұны осы ұйымның өкілдері бүгін мәлімдеді. Барадар бұған дейін тәліптер қозғалысының саяси кеңсесіне жетекшілік етті.

Онымен бірге билік ететін кеңеске тағы екі жоғары лауазымды адам енді. Олар – Мохаммед Якуб пен Аббас Станикзай.

Ал, ең жоғары жоғары басшы Хайбатулла Ахунзада болады. Ол шариғат заңдары аясында діни және басқару мәселелерімен айналысады. "Рейтердің" хабарлауынша, тәліптердің барлық лидерлері үкімет құрамын жариялау үшін Кабулге жиналды.

Ресей президенті болса, бүгін Владивостокта өтіп жатқан экономикалық форумда сөз сөйлеп, Ауғанстанның жаңа билігін заңдастыру мәселесін талқылау қажеттігін мәлімдеді.

Владимр Путин, Ресей президенті:
Ресей Ауғанстанның ыдырауына мүдделі емес. Егер бұған жол берілсе, онда сөйлесетін ешкім қалмайды. «Талибан» неғұрлым тезірек өркениетті елдер қатарына қосылатын болса,соғұрлым онымен байланыс орнатуға, сөйлесуге, ықпал етуге мүмкіндік болады.

Ал, Ауғанстанның Панджшер жазығы үшін шайқас күшейіп келеді. Ол – «Талибан» қарамағына өтпеген жалғыз ғана провинция. Кабулден солтүстікке қарай 150 шақырым жерде орналасқан аймақтағы жасақтарға 32 жастағы Ахмад Масуд пен бұрынғы вице-президент Әмірулла Салех жетекшілік етеді.

Олардың «Ұлттық қарсылық майданы» Панджшерге кіретін барлық жолдарды бақылауға алғанын және бейсенбідегі соғыста жүздеген тәліпті жойғанын хабарлады. «Талибан» болса, провинцияның кейбір территорияларын басып алып, Масуд қолдаушыларын ауыр шығынға ұшыратқанын жариялап отыр.

Айта кетсек, Панджшерге жиналған мыңдаған содырдың көбі – тәжіктер. Ал, тамыздың 15-де Кабулді де алған исламшылардың басым бөлігі – пуштундар екені белгілі.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу