Қазақстан - Орталық Азиядағы ең ірі мемлекет ретінде Қиыр Шығыспен қарым-қатынасты күшейтеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VI Шығыс экономикалық форумының пленарлық мәжілісінде осылай деді. Жиында аймақтың әлеуетін арттыру үшін мемлекет басшысы ынтымақтастықтың жаңа формасын қалыптастыру идеясына қатысты пікір білдірді. Форумнан тілшіміз Индира Бегайдар телефон арқылы хабарлайды.
Форумда Қазақстан Президенті Қиыр Шығыспен байланысты нығайтудың басты бағыттарын атап өтті. Нақтырақ айтқанда, инвестиция тартып, жаңа жұмыс орындарын ашу, тиімді көлік инфрақұрылымын қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Бұдан өзге транзиттік әлеуетті арттыру бойынша ұлттық жоспарларды Еуразиялық экономикалық одақтың қызметімен және Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасымен ұштастыру туралы кеңінен айтты.
Бұл бағытта Қазақстан транзиті өзін экономикалық тұрғыда тиімділігін дәлелдеді. Сондықтан инфрақұрылымды жетілдіру ісі жалғаса береді. Атап айтқанда Қытаймен арадағы транзиттік қатынастарды кеңейту үшін «Достық – Мойынты» жаңа темір жол бағытының құрылысы басталмақ. Бұл жобаға 2 миллиард доллар инвестиция құйылады деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ осы форумда Қазақстан Үкіметі мен СБЕР компаниялар тобы арасында цифрлық трансформация, цифрландырудың платформалық моделіне көшу жобаларын іске асыру бойынша ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
Индира Бегайдар