Жылына 15 мың жас отбасы баспана үшін депозит ашуға мүмкіндік алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жылына 15 мың жас отбасы баспана үшін депозит ашуға мүмкіндік алады

02.09.2021

Зейнетақы қорындағы жеткілікті шектен асатын жинақты «Отбасы банкіне» аудару әсіресе баспана алуға ниетті жас отбасыларға үлкен қолдау болады. Қаржы институтының өкілдері мұндай мүмкіндікті алғашқы жылы 190 мыңға жуық отбасы пайдалана алады деп отыр. Оның үстіне Президент бастамасы баспана үшін қаржы жинау мерзімін екі есе қысқартуға мүмкіндік береді. Айта кетерлігі, бүгінгі таңда 250 мыңға жуық қазақстандық зейнетақы жинақтарын пайдаланып «Отбасы банкі» арқылы баспаналы болған. Олардың небәрі 0,2 пайызы ғана 18 бен 25 жас аралығындағы салымшылар.

 Жансұлтан Матай, «Отбасы банк» АҚ орталық филиалының директоры:
Статистикаға қарасақ, елімізде жылына 120 мыңнан астам жаңа отбасы құрылады. Жаңа шаңырақ құрылған кезде алғашқы жарнаға ақша жинау қиындау, оларға қолдау қажет. Жыл сайын 15 мыңның үстінде жас отбасылар осы мүмкіндікті пайдаланып, өзінің тапқан табысына қоса, зейнетақы қорындағы жеткілікті мөлшердің үстіндегі ақшаны осыған пайдалана алады. 

Президент Жолдауда «Баспана хит», «7-20-25» сияқты тұрғын үй бағдарламаларының мерзімі аяқталып келе жатқанын айтты. Оның үстіне ипотекалық несие үстемақысы тым қымбат және жұрттың бәріне бірдей қолжетімді емес. Осыған орай, елімізде бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленеді.  Ұлттық даму институты ретінде «Отбасы банкі» базасында бірыңғай тұрғын үй саясаты жүргізілетін болады.

Жансұлтан Матай, «Отбасы банк» АҚ орталық филиалының директоры:
Бұл жерде әлеуметтік әділеттілік принципі пайдаланылады. Яғни, сіздің қай жерде жұмыс істейтініңіз, әлеуметтік статусыңызға қарамай, тапқан табысыңыз жан басына шаққанда белгілі мөлшерден төмен болса сіз «Отбасы банкіне» жүгініп, арзандатылған пайызбен қолжетімді үй алуға мүмкіндік пайда болады.


Хабарламаларға жазылу