Алматы облысында 300-ден астам көпқабатты үй жылу жүйесіне қосылмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында 300-ден астам көпқабатты үй жылу жүйесіне қосылмаған

02.09.2021

Алматы облысында 300-ден астам көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған. Баспаналардың басым бөлігі Еңбекшіқазақ, Талғар аудандарында. Жергілікті билік мәселені бірден шешуге қауқарсыз.

Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің басым бөлігі орталық қазандыққа қосылмаған. Тұрғындар бесінші қабатқа дейін отын тасып, пеш жағады. Кейбірі жылыту құрылғыларының арқасында қыстан шығады.
Гүлзира Нұрмаметова, Есік қаласының тұрғыны: 
Қиналып кеттік. Көмірге ақша жинау керек. Пешті жөндеу керек. 
Тығырықтан шығудың бірден-бір жолы елді-мекендерге блокты-модульді қазандықтар орнату. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде Есік қаласында алғашқылары қойыла бастады. Алайда жылыту маусымына дейін жоба толық жүзеге аса ма, жоқ па, белгісіз.
Бағлан Тәнекенов, облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы: 
Биылғы жылы біз мемлекеттік-жекеменшік әдістемемен 40 болкты-модульді 6 ауданда қазандық орнатуды жоспарлап отырмыз. Бұл 110 көпқабатты тұрғын үйді орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етеді.
Жалпы облыста орталық жылу жүйесіне қосылмаған 300-ден астам көпқабатты тұрғын үй бар. Алдағы екі жылда бұл үйлерді қазандыққа жалғау қарастырылуда.

Қуаныш Қанатұлы, тілші: 
Есік қаласында орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған 72 көпқабатты тұрғын үй бар. Ол жерде шамамен 17 мың халық тұрады. Тұрғындар бұл жұмыстардың жылыту маусымы басталғанша жылдам аяқталғанын қалап отыр. Себебі олар да пәтерлерінде пеш жағып, артық шығынға батудан әбден жалыққан.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу