Ауыл әкімдерін ғана емес, аудан әкімдерін де енді халық сайлайды. Бірақ 2024 жылдан бастап. Бұл туралы бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жолдауында айтты. Сондай-ақ тіл мәселесіне тоқталып, білім және цифрландыру салаларындағы кемшіліктерді атады. Әрі қалғып-мүлгіп жүретін мемлекеттік қызметкерлердің жұмыстан кетуі керектігін қатаң ескертті. Сондай-ақ іштен және сырттан төнген қауіптер жайлы да ашық айтты. Толғырақ тілшіміз тарқатсын.
Білімді ұрпақ – ел болашағы. Бірақ осы болашағымыз жарқын болуы үшін үш ауысымды мектептер мәселесі әлі шешімін таппай келеді. Қазір 250 мыңнан астам оқушыға орын жетпейді. Сондықтан президент 2025 жылға дейін 800 емес, 1000 мектеп салуға тапсырма берді. Әрі эпидахуал жақсарып жатса, ұл-қыздардың толықтай мектепке оралғаны маңызды. Өйткені қашықтан оқу форматы – білім сапасын нашарлатып жіберген. Тіпті сабақты керек қылмайтын оқушылар көбейген.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Балалар оқудан бас тартып, сабақты тастап жатыр. Өйткені, одан қажеттілік көрмейді. Бұл базалық қарапайым білімі жоқ оқушылардың үлкен легінің пайда болуына алып келді. Үкіметке бұл мәселені шешумен байыпты түрде айналысу тапсырылады. Атап айтқанда, қашықтан оқыту форматтары үшін ақпараттық жүйе сапасын арттыру қажет. Біздің біліміміз қолжетімді әрі инклюзивті болуы тиіс.
Иә, қашықтан оқу – IT , яғни цифрландыру саласындағы кемшілікті көрсетті. Президент әсіресе мемлекеттік органдардың базасы бір-бірімен әлі интеграцияланбағанына наразы . Сандық жүйені жетілдіру үшін өзімізде мықты мамандар жоқ. Шетелден шақыруға мәжбүрміз. Осыған орай цифрландырудың ұлттық жобасы аясында кемі 100 мың жоғары санатты IT маман әзірлеу керек. Әрі мемлекеттік қызметтер 100 пайыз смартфон арқылы қол жетімді болуы тиіс. Сондай-ақ Тоқаев тіл мәселесіне тоқталып, Ата Заң бойынша елімізде қазақ тілі ғана мемлекеттік тіл екенін ескертті. Сол үшін болашағын Қазақстанмен байланыстыратындар тілді толық меңгеруі керек. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі шын мәнінде білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл - заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ.
Президент тіл жайлы айта келе, тәуелсіздік пен аумақтық тұтастыққа қастандық жасатуға жол бермейміз деп қадап айтты. Ал қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Түрлі этносаралық және конфессияарылық келіспеушіліктер де болмауы тиіс. Әрі сырттан төнетін қауіптерге де тойтарыс беруге дайын болуымыз керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ауғанстандағы ахуалға байланысты жаһандық жағдай шиеленісе түсті. Бұл біздің алдымызға жаңа міндеттер қойып отыр. Біз қорғаныс өнеркәсібі кешеніні қызметін қайта қарауымыз керек. Мемлекетіміздің қорғаныс қауқарын күшейте түсу мен жаңа қауіпке жылдам әрекет ету мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Бастысы сырттан төнуі мүмкін деген қауіптің алдын алу керек. Сол үшін де сценарий әзірлеп, оны сынақтан өткізу қажет.
Ал саяси реформалар жалғасын табады. Әсіресе жергілікті өзін-өзі басқару ісін жетілдіру үшін ауыл ғана емес, аудан әкімдері де сайланатын болады. Бұл 2024 жылдан бастап пилоттық режимде іске аспақ. Айтпақшы президент жайылымдық жерлерді қайтару шаруасына қатысты әкімдерді сынға алды. Өйткені атқамінерлер мұны созбалаңға салып жүр. Ал шаруалар болса, мал жаятын жер таппай жүр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Өйткені мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті, оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр.Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға тиіс. Жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аудару қажет.
Қазақстан коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеген санаулы елдің бірі. Президенттің айтуынша, қазір казвак екпесіне өзге мемлекеттер сұраныс білдіріп жатыр. Өйткені індеттің емі вакцина. Бірақ жұртты екпеге қарсы үгіттеп жүрген антиваксерлер азаймай тұр. Тоқаев олардың жалған сөзіне еріп, жаңылмау керек деді. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы қылмыстық процесстер мен полиция қызметі моделін кеңейту, құқық қорғаушылардың да құқығын қорғау мәселесіне аса мән беру қажет екенін айтты. Сондай-ақ, қаржы пирамидалары мен синтетикалық есірткілерге қарсы күресті күшейтіп, балаларға көрсетілетін зорлық-зомбылықты жоюға тапсырма берді. Бұл міндеттерді қоғам мен мемлекеттік аппарат бірлесіп атқаруы керек. Ал жұмысына жүрдім бардым қарайтын жауапсыз шенеуніктер қазірден орынын босатсын деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мемлекет басшысының саясатына күмәнмен қарайтындар, жұмысын атқара алмайтындар, уақыт өткізіп босқа отыратындар мен Президенттің тапсырмаларын орындаудан жалтаратындар болса, қызмет орындарын босатулары керек. Біз қазір дамуымыздың шешуші кезеңіне қадам бастық. Мемлекеттік аппарат біртұтас механизмдей жұмылып жұмыс істеуге міндетті. Тек сонда ғана біз мақсатымызға жете аламыз.
Досжан Маратұлы, тілші:
Осылайша Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының негізгі бағыт-бағдарын айқындап берді. Жалпы үндеуде айтылған шаруа шаш-етектен. Енді осы стратегиялық құжаттағы маңызды міндеттерді қалай іске асыру жайын Үкімет талқылап, ұлттық жоспар әзірлеуі тиіс.
Досжан Маратұлы