Германиядағы қандасымыз 29 жыл бұрын жазылған тарихи сұхбаттың түпнұсқасын Елбасы мұражайына табыстамақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Германиядағы қандасымыз 29 жыл бұрын жазылған тарихи сұхбаттың түпнұсқасын Елбасы мұражайына табыстамақ

31.08.2021

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына Германиядағы қандасымыз ерекше тарту жасамақшы. Өмірхан Алтын 30 жыл бұрын Тұңғыш Президент Н.Назарбаевпен Австрияда жазған сұхбаттың күйтабағын Елбасы мұражайына табыстамақ. Қазақстанның Тәуелсіздігі жайлы Еуропа, жаһан жұртына алғаш Мюнхеннен «Азаттық» радиосы арқылы жариялаған да өзі. Тарихи сәттердің куәгерімен тілшіміз Нұрсұлу Қасым тілдесті.

1991 жылдың 16-желтоқсанында Парламент ел Тәуелсіздігін жариялағанда оны алғаш күллі әлем жұртына жеткізу Өмірхан Алтынға бұйырыпты. «Азаттық»радиосының Мюнхендегі кеңсесінің тілшісі тікелей эфирден «Сүйінші, Қазақстан-енді Тәуелсіз мемлекет» деп жарияға жар салған. Сол күнгі сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес-дейді өзі.

 Өмірхан Алтын, «Еуропадағы қазақ форумы» қоғамының төрағасы:
Ана хабарды алып, оқып отырғанда есім бе, түсімбе, өйткені күтпеген нәрсе ғой. Қазақстан Тәуелсіз болады, Совет Одағы тарайды-деп кім ойлаған ол кезде. Ата-бабаңның аңсағаны. Қуанып, бір-бірімізді Тәуелсіздікпен құттықтадық.

Германиядағы, Еуропадағы қандастарымыз сол күні бөркін аспанға атып, ел Егемендігін таңға дейін дүркіретіп тойлапты. Араға бір жыл салып, 1992-жылы Давостағы экономикалық форумда Өмірхан Алтын Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевпен кездесіп, сұхбат алу бақытына ие болған. Мынау сол таспаға басылған тарих.

29 жыл бұрын жазылған тарихи сұхбаттың түпнұсқасын қандасымыз желтоқсанда елордадағы Елбасы мұражайына табыстамақ. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тарту ретінде.

Өмірхан Алтын, «Еуропадағы қазақ форумы» қоғамының төрағасы:
Қазақстанның ең бастысы жетістігі-шекарасын бекітіп алды. Қай қай жерде өзінің Тәуелсіздігін мықтап бекітті, халықаралық органдарда, БҰҰ болсын басқа жерлерде де нағыз Тәуелсіз қазақ екенін өзін танытты. Оның сыртында шеттегі қазақтарға құшақ ашық, көп қазақтарды тартып алды. Астананың көшірілуі Алматыдан оның өзі стратегиялық ой, түсінік. Көп жақсы нәрселер істелді.

Түркияда туып, Еуропада өссе де қандасымыз тілін, салт-дәстүрін ұмытпай, өскелең ұрпаққа дәріптеп жүр. «Еуропадағы қазақ форумы»қоғамының басшысы қарт құрлықтағы қазақтардың басын қосып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығын Германияда кеңінен атап өтуді көздеп отыр.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу