Жаңа оқу жылында оқушылар мектепке барып оқиды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа оқу жылында оқушылар мектепке барып оқиды

29.08.2021

Жаңа оқу жылында оқушылар мектепке барып оқиды. Студенттер білім беретін оқу ордаларына. Кейбір курстардың студенттерін онлайн оқуда қалдырып отырғандар бар. Бұл жерде айтқымыз келетін бір мәлімет – Алматыда пәтер жалдап тұру қымбаттап кеткен. Жер-жерден келіп оқитын студенттердің оралуы да әсер ететін көрінеді. Ал жатақхана тапшылығын ескерсек, бұл талай студенттің, дәлірегі – ата-ананың уайымына уайым қосып тұр. Орталық аудандардағы бір бөлмелі пәтер 600 мың /?/ теңгеге дейін барады.

Адамдардың табысы азайған қазіргі жағдайда бұл миға кірмейтін құн. Бірақ жабайы нарықтың ашкөз қатысушыларының миына қона кетеді.

Мектептерге келсек, 2021-2022 жаңа оқу жылында 7475 мектепте 3,4 млн-нан астам оқушы оқиды. 380 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады. Бір жерде 100, бір жерде 94 әйтеуір басым көбі вакциналанған мұғалімдер мектептерге «Ашық» жүйесімен кіреді. Дезинфекция, кварц сәулесімен залалсыздандыру, маска тағу, термометрия және тағы басқа санитарлық талаптар орындалуы тиіс.

Ал бұл жерде айта кететіні – осы талаптарды орындауға өздері тұратын елді-мекенде ақша жинап жатқанын жазған азаматтардың хаттарын жариялаған әріптестер бар.

«Пандемия болса мынау, балаларды неге мектепке жинаймыз?» дегенге байланысты басты дәйек - білім жүйесі бұдан әрі қашықтан оқуға шыдай алмайды. Тәуекел әрине. Бірақ амал жоқ...

Оқушыларға мектеп формасын алмауға болады дегенмен, классикалық үлгідегі киім деген не? Сол форма ғой. Оның үстіне бала жыл сайын өседі, бәрібір киім алып жатырмыз. Осы аптаға дейін сенбі-жексенбі жұмыс істемеген базарлар мен дүкендерде, сығылысып, тығылысқан әр балаға 100 мыңның үстінде ақша жұмсап жатты.

Басқа да мәселе жетеді. 100 процент дайын деген рапорттар 100 процент емес. Алматы облысында биыл 9 мектепте алғашқы қоңырау соғылмайды. Бұл білім ордаларында күрделі жөндеу жүріп жатыр. Білім басқармасындағылар қаржы кеш бөлінді дейді. Оқушыларды бөліп-бөліп әр жерде оқытады. Мысалы, Талдықорғандағы Островский орта мектебінің оқушылары қаланың әр бұрышындағы үш мекемеге бөлінді.


Хабарламаларға жазылу