Зиялы қауым өкілдері халыққа қайғырып көңіл айтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зиялы қауым өкілдері халыққа қайғырып көңіл айтады

29.08.2021

Талдықорғанда да ойын-сауық іс шаралар кейінге шегеріліп, ғимараттардағы тулар төмен түсірілді. Конституция күніне орай жоспарланған мерекелік бағдарламалардың да уақыты өзгертілді. Жамбыл облысындағы қайғылы жағдай Жетісу жұртшылығының да қабырғасын қайыстырды. «Осындай кезде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірігуіміз керек», - дейді өңірдің зиялы қауым өкілдері.

Ермек Келемсейіт, Алматы облыстық ардагерлер кеңес інің төрағасы:
Құрметті жамбылдықтар, байзақтықтар. Мына болып жатқан қиыншылықтарыңа біз де ортақпыз. Аман болыңдар, мықты болыңдар. Шыдаңдар. Халқымыз, еліміз аман болсын. Ел басқарып отырған азаматтардың ұйымдастырушылық қабілеттері дұрыс болғанда бізде ешқандай қиыншылық болмайды.
Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның Халық әртісі: 
Ардақты менің жерлестерім, жамбылдық азаматтар берік болыңыздар. «Ел басына күн туса» деп тағы да айтамын. Адам баласының басына не келіп, не кетпейді. Әлі жақсылық алдыда шығар. Жамандық кетсін. Тағы да басымды иіп, өнер азаматтарының атынан басымды иіп, көңіл айтамын. 
Досқан Жолжақсынов, Қазақстанның Халық әртісі:
Бүгін бүкіл ел болып қаза тұтқан күн. Тосыннан болған оқиғаға болаттай берік болмасқа амалымыз қалмай тұр. Амал қанша? Қатал тағдырға қайыспаған, қара дауылға майыспаған ел емеспіз бе? Отбасына, бала-шаға, ата-анасына көңіл айтамын. Марқұмдардың жатқан жерлері жарық, иманы саламат болғай.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу