Тараз маңындағы жарылыстан зардап шеккен 5 адамның жағдайы өте ауыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тараз маңындағы жарылыстан зардап шеккен 5 адамның жағдайы өте ауыр

27.08.2021

Жамбылдағы жарылыстан зардап шеккен азаматтар Тараз бен жақын аудандағы ауруханаларға жеткізілді. Дәрігерлер бес адамның жағдайы өте ауыр екеінін айтады. Қаладағы ауруханаға қосымша мамандар тартылған.

Жарылыстан зардап шеккен 93 азамат Тараздағы көп бейінді ауруханаға жеткізілген. Олардың басым бөлігі алғашқы медициналық көмектен кейін үйлеріне қайтарылды. Өрт сөндіру қызметінің маманы Мерей Бегімбетов жарылыс болған сол сәтте тура оқиға орнында болған. Небәрі 200 метр қашықтықта тұрған олар қызыл жалынға беттей алмадық дейді.

Қазір ауруханада 35 азамат ем алып жатыр. Олардың бесеуі жансақтау бөлімінде. Дәрігерлер жағдайлары ауыр екенін айтады.

 Аурухана ішіне кіруге рұқсат жоқ. Жақындарының жағдайын білуге келген адамдарға мамандар мейлінше ақпарат беріп жатыр.

Данияр Асқарұлы, тілші:
Иә, дәрігерлердің айтуынша түндегі жарылыстан Тараздағы ауруханаға таңғы беске дейін 93 азамат түрлі дене жарақаттарымен түскен. Олардың басым бөлігіне алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне қайтарылған. Үйлеріне қайтарылған тұрғындардың 10-ны қарапайым ауыл тұрғындары екенін ескерте кетеміз. Қазіргі уақытта ауруханада жатқандарды емдеуге 50-ден астам дәрігермен, 78 медбике жұмылдырылған.


Хабарламаларға жазылу