Теріскейде індетке шалдыққандар азайып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теріскейде індетке шалдыққандар азайып келеді

26.08.2021

Теріскейде індетке шалдыққандар азайып келеді. Бір апта бұрын ғана 171 адамнан коронавирус анықталып, антирекорд тіркелген еді. Бұл көрсеткіш едәуір төмендеді. Екі ауданда науқастар тіркелмеді. Тағы бес ауданда 1-2 адамның жұқтырғаны анықталған. Мамандар мұны вакцина салдырғандар қатарының көбеюімен байланыстырып отыр.

Тайынша қаласының тұрғыны Людмила Вацовская - елде екпе науқаны басталғанда одан бас тартқандардың бірі. 70 жастағы зейнеткер коронавируспен ауырғаннан кейін ұстанымын өзгерткен. Тиісті мерзім өтіп, дәрігерлер рұқсат еткен соң, емханаға вакцина алуға келген.

Людмила Вацовская, Зейнеткер:
Басында күмән болды. Кейін қатты ауырғанда өкіндім. Қателескенімді түсіндім. Ауруханада қиналдым, өзгелердің де ауыр халде жатқанын көрдім. 30-40 жастағы азаматтар да нуақастана береді деп ойламаппын. Иммунитет күшіне сенуге болмайды екен. Екпе алу керек.

 Тайынша аудандық ауруханасы 43 мың адамға қызмет көрсетеді. Вакцина алуға жарамды тұрғындардың 70 пайызға жуығы екпенің екі компонентін де салдырып үлгерген.

Анатолий Рафальский, бас дәрігер:
Бастапқыда халық вакцинаға сенімсіздікпен қарады. Ғалымдар мен дәрігерлер оның тиімділігін үнемі айтып келеді. Біз күнде 6-8 елдімекенге барамыз. Соңғы апталарда белсенділік байқалады. Бұған дейін екпеден бас тартқандар өздері емханаға келіп жатыр.

3 жылжымалы медициналық бригада ауылдарды аралап жүр. Екпе алып жатқандардың қатарында зейнеткерлер көп. Солардың бірі - Галина Лыскина.

Галина Лыскина, Зейнеткер:
15 жыл ауруханада жұмыс істедім. Жыл сайын тұмауға қарсы екпе аламын. Ауырып көрген емеспін. Коронавирустан да вакцина қорғайтынына сенімдімін.

Жалпы Солтүстік Қазақстан облысында осы күнге дейін 190 мыңға жуық адам вакцинаның алғашқы компонентін салдырды. Ал толық курстан өткендер саны 220 мыңнан асты.

Эльмира Кәленова 

Хабарламаларға жазылу