Павлодардағы орталық жағажайға жауапты компания бюджеттен бөлінген 13 млн. теңгені қалтасына басқан. 12 жастағы бала суға кетіп қалғаннан кейін, мердігерге қатысты арнайы тексеріс жүргізіліп, олардың өз міндеттерін орындамағаны белгілі болды. Құтқару қызметі қажетті құрал-жабдықпен қамтылмаған. Суға кеткен жасөспірімнің денесі 4 күннен кейін ғана табылды.
Тілекжан Галямов, қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма бастығының орынбасары:
Қоғамдық құтқарушылар толықтай құтқару жабдықтарымен қамтамасыз етілмегені анықталды. 10 құтқарушы болу керек, ал, шынында 2-ақ құтқарушы бар. Немесе мүлдем жоқ.
Тұңғиық тартып кеткен адамды тереңнен шығару үшін киетін арнайы костюмдер былай тұрсын, мердігер компанияда моторлы, ескекті қайықтардың өзі жеткіліксіз болған. Жағажайдағы жағдай да оңып тұрған жоқ. Шомылу маусымы аятқалуға тақағанда әкімдік мердігерді сотқа берді. Ал, жаз басталғалы Павлодар облысында 28 адам суға батып кеткен. Олардың 7-еуі бала.
Болат Аманбаев