Кентауда шенеунік кәсіпкерлерден «Ashyq» қосымшасын енгізу үшін пара алған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кентауда шенеунік кәсіпкерлерден «Ashyq» қосымшасын енгізу үшін пара алған

20.08.2021

Түркістан облысының Кентау қаласында санэпидбақылау басқармасының қызметкері парамен ұсталды. Шенеунік коронавирусқа қарсы қабылданған шаралардың орындалуын қадағалаудың орнына, керісінше талапты елемегендерден пара алып отырған. «Ashyq» қосымшасын енгізуде санитарлық қорытындыны оң шығару үшін кәсіпкерлердің әрқайсысынан 100 бен 120 мың теңге аралығында ақша алған. Қазір күдікті ұсталып, уақытша тергеу изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Ал Нұр-Сұлтанда жалған вакцинация паспортын жасаған күдікті ұсталды. Ол құжатты 20 күнде дайындап беремін деп уәде еткен. Кезекті тұрғыннан елу мың теңге алып жатқан жерінен ұсталды. 28 жастағы күдікті бұл қадамға жеңіл ақша табуды көздеп барғанын айтады. Қанша адамның оған алдын-ала ақша төлегені анықталып жатыр. Күдіктінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Айта кетейік, жалған екпе паспортын жасатқандар 467 мың теңгеден астам айыппұл төлейді немесе 40 күн қамалады. Ал оны жасағандар 5,8 миллион теңге айыппұл төлейді. Немесе 2 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу