Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусқа қарсы вакцинаны әлем елдеріне тең бөлмеудің соңы адамзатқа ауыр зардап әкелетінін ескертті. Ұйым басшысы Тедрос Адханом Гебрейесустың мәлімдеуінше, табысы төмен елдер өз тұрғындарының 2 пайызына ғана екпе салған. Бұған дейін халықаралық ұйым вакцинаның үшінші дозасын салуға уақытша мараторий жариялады. Себебі, дамушы мемлекеттерде әлі миллиардтаған адам екпенің тіпті бірінші компонентін де алмаған.
Ал, АҚШ-тың Флорида штатында 360 мыңдай оқушы мен мектеп қызметкерлерін маска тағуға міндеттеу туралы шешім қабылданды. Себебі, елдің оңтүстігіндегі 10 штатта коронавирустың «дельта» штамы өршіп барады. Соңғы мәліметке қарағанда, сейсенбі күні АҚШ-та мыңнан астам адам қайтыс болды. Бұл – наурыздан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Айта кетсек, Американың өзге қалаларында да ондаған мың оқушы сабаққа маскамен баруы керек деген талап сақталып отыр.
Арыстан Рысбек