Батыс Қазақстан облысының шаруалары үкіметтен көмек сұрап отыр. Жаңақала ауданында мал батпаққа батып жатыр. Өйткені су өзен-көлдерде су жоқ. Шөп шығымы да аз. Шаруалар су тапшылығынан мал азығын жинай алмай отыр. Ауданда төтенше жағдай жарияланған. Бірақ одан еш қайран жоқ. Ардақ Мұратқызы тарқатады.
Шалшықтан су ішкен мал батпақтан шыға алмай жатыр. Өзен, көл табандары құрғап, кеуіп қалған. Жаңақалалықтар осымен төртінші жыл қуаңшылықтың зардабын тартып отыр.
Айдар Еспембетов, шаруа қожалығының басшысы:
Мал ішетін су жоқ. Деректер жетеді суға батып жатқан. Тартылып қалған каналдар бізде көп. Олардың есебі бойынша біз 40-50 пайыз мал азығын дайындады деп айтып жатыр. Біз енді осы тұрған мал шаруашылығымен айналысатын жігіттердің 20-30 пайызы дайындаған шығар, артық жинаған жоқ. Ол есеп – жалған есеп. Біз негізінен көлтабаннан шабатын едік. Биыл онда шөп жоқ. Даладан 300 км жерден әкелеміз.
Қиналған шаруалар бүгін облыс әкімімен кездеспекке қалаға келді. Бірақ бұл жолы да ұстай алмады.
Талғат Бәйкенов, шаруа қожалығының басшысы:
Облыс басшылығымызды көруден қалдық. Көздері соқыр, құлақтары естімейтін адамдар ма, білмеймін енді. Келсін, кездессін шаруа қожалықтарымен. Халықтың жағдайы өте қиын. Ең бірінші сұрайтынымз, көлдерімізге, суармалы жерлерге су әкеліп, шөп шығарту.
Биыл да Жайықтың суы тобықтан келеді. 14 см-ден аспайды. Жаңақаладағы 17 көлдің 15-і кеуіп кеткен. Ал Қараөзен мен Сарыөзенге су сатып алуға 4 млрд теңге бөлінген. Бірақ қаражат кеш түскендіктен, енді қалған су күзде берілмек.
Шынболат Ермағамбетов, Қазсушар РМК БҚОФ бас инженері-гидротехнигі:
Баубек-Айдархан деген канал бар. Жергілікті жұрт Нәжімеден каналы дейді. Сол каналмен қазір беріп жатырмыз суды Жаңақала жағына. Қазір су әлі жетіңкіреген жоқ. Бұйырса, қыркүйектің ортасынан кейін Жаңақала ауданының түпте орналасқан елді мекендеріне су жеткіземіз. Жаңақалаға Қараөзен, Сарыөзен бойынша су барады биыл. Судың бөлінуі, қаражаттың бөлінуі осылай болды.
Аудан әкімдігі жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жариялаған. Бірақ одан қайыр жоқ.Мәселе республика деңгейінде қаралуы керек.
Жасұлан Халиуллин, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
Үкімет отырысында қуаңшылыққа байланысты Үкіметтен қаражат бөлінетін болса, Маңғыстау, Қызылорда облыстарына Жаңақала ауданын қосуды ұсынған болатынбыз. Бірақ ол орталық деңгейде қолдау тапқан жоқ. Дегенмен, тағы ұсыныстар беріп жатырмыз. Тек Жаңақала өзіне 957 млн теңге қажет.
Мәселе әлі ашық күйінде қалып отыр. Шаруалардың бар үміті Үкіметте.
Ардақ Мұратқызы