Ташкент ауғандық босқындарды қабылдауға ынталы емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ташкент ауғандық босқындарды қабылдауға ынталы емес

18.08.2021

Ауғанстанда билік «Талибан» қозғалысының қолына өткелі, мыңдаған адам елден қашудың жолын іздестіріп жатыр. Алайда, Өзбекстан көрші елден босқын қабылдауға ынталы емес. Мұны бүгін «Ассоушиэйтид пресс» хабарлады. Америкалық агенттіктің дерегінше, Ташкент Ауғанстан азаматтарын коронавирус пандемиясын алға тартып, мемлекет аумағына кіргізбей жатыр.

Өзбекстанға қанша ауғандық енгені әзірге белгісіз. Республика бас прокуратурасының мәлімдеуінше, 158 ауғанстандық өзбек жеріне өзенмен заңсыз өтпек болған. Сонымен қатар, Өзбекстан аумағына Кабулдан 22 әскери ұшақ пен 24 әскери тікұшақ 600-ге жуық жауынгермен кіріп, Термезге қонған.

Қазір жергілікті билік мұндай жағдайға енді жол бермеу үшін «Талибанмен» тығыз байланыс орнатып отыр.

Кейбір сарапшылардың ойынша, өзбек билігі ауғандық босқындарды экстремистерден қауіптенгендікен қабылдамай жатыр.

 Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу