Алматыда заманауи зертхана ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда заманауи зертхана ашылады

17.08.2021

Қазақстан мен Корея ынтымақтастығының арқасында Алматыда алып зертхана кешені бой көтереді. Медициналық мекеме әлем бойынша үздік технологиямен жұмыс істейді. Заманауи кешенді алдағы 2-3 жылда ашу жоспарланған. Жоба құны - 20 млн доллар. "Енді озық медициналық қызметтерді шетел аспай, өз жерімізде де алуға болады,- дейді мамандар.

Дертті дер кезінде анықтау, сапалы диагностика – кәріс медицинасының күретамыры. Ең алғаш рет елімізге Оңтүстік Кореяның озық технологиясы осыдан 5 жыл бұрын әкеліне бастады. Қазір нәтиже қуантарлық. Жыл сайын инвестиция көлемі артып, медицина орталықтары көбейіп келеді.

Ғалымжан Тоғызбаев, медицина ғылымдарының докторы, профессор: 
Бұл Кореядағы медицина саласындағы қандай технологиялар бар, сол технология Қазақстанға келеді деген сөз. Біздің мемлекет үшін, халық үшін маңызды. Біздің қазақ халқы Кореяға барып ем іздегеннен осы жерде ем табатындай мүмкіндік деген сөз. Сондықтан да Тоқаевтың Кореяға барып, президентімен келісімшартқа отыру біз үшін қуантарлық жағдай.

Корея ойлап тапқан, коронавируспен күресудің тиімді тәсілі – мобильді скринингтік орталықтар. Алматы қаласы да аталған тестілеу жүйесін алғашқылардың бірі болып енгізді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен ұсынылған тың әдіс әлем бойынша үздік саналады.

 Санун Юн, зертхана қызметкері: 
Қазақстан Президентінің Оңтүстік Кореяға сапары қос елдің медицина саласындағы әріптестігін одан ары дамытады деген сеніміміз мол. Біздің зертханамыз коронавирус инфекциясын анықтайын мобильді скринингтік орталық саналады. Тестілеудің артықшылығы - аз уақыт ішінде барынша көп адамды тексеріп, ең бастысы, көліктен шығуды қажет етпейтін қауіпсіз жүйе.

Оңтүстік Кореяда осыған ұқсас орталықтарды көбейтудің арқасында эпидахуал тұрақталып, аурудың таралу қарқыны бәсеңдеді. Түрлі дертті дер кезінде анықтайтын озық кешен алдағы 2-3 жылда Алматыда да бой көтереді.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу