Бейнеу ауылының тұрғындары 10 жылдан бері бала-шағасын үйлеріне тіркей алмай келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бейнеу ауылының тұрғындары 10 жылдан бері бала-шағасын үйлеріне тіркей алмай келеді

17.08.2021

Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауылының тұрғындары 10 жылдан бері отбасы мүшелерін үйлеріне тіркей алмай келеді. Соның салдарынан жәрдемақы алуда да түрлі қиындықтарға тап болды. Бұған қоса, мемлекеттік бағдарламамен берілген үй сапасыз салынған болып шықты.

Жалғыз басты ана Базаргүл Жаймақова 6 баласымен бұл үйге бұдан 10 жыл бұрын қоныстанды.Сол кезде –ақ баспананың қабырғалары жарылып,құрылыс сапасы сыр берді. Ал, қазір 17 жаннан тұратын отбасы үреймен өмір сүріп жатыр. Жөндеу жүргізуге әкімдік рұқсат бермей отыр, дейді тұрғындар. Оның үстіне баспанаға отанасынан басқалар тіркеле алмайды.

Мәселе 4 үйде тұратын 10 отбасына да ортақ. Он жылдан бері олар жанұя мүшелерін бір мекен-жайға тіркей алмай түрлі қиындыққа душар болған. Жалғыз басты ана Ләззат Жанғабаева да атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін бөтен біреудің үйіне ақылы түрде тіркелген.

Аудандық тұрғын үй шаруашылығы бөлімі басшысының айтуынша, муниципалдық үйлер 2009-ыншы жылдан бастап пайдалануға берілген. Бірақ құжаттары енді ғана рәсімделген.

Сисенбек Қалдықараев,  Бейнеу аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
Сол үйлердің құжаты кезінде толықтай аяқталмай қалуына байланысты мәселе болған. Болмаған емес. Қазір бүгінде толықтай қалпына келтірілді. Қазір ол үй сол мекен-жайында тұрғындарды отбасы мүшелерімен тіркеуге ешқандай кедергі жоқ. 

Бөлім басшысы тұрғын үйлерге жеңіл-желпі жөндеу жүргізуге тыйым салынбағанын айтады. Ал, әкімдік тарапынан үйлердің қасбетін жөндеу келер жылға ғана жоспарланған.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу