Маңғыстау облысындағы ірі шаруа қожалықтарына көмек көрсетіліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысындағы ірі шаруа қожалықтарына көмек көрсетіліп жатыр

12.08.2021

Маңғыстау облысындағы Мұнайлы ауданында ірі мал шаруашылықтарына көмек көрсетіліп жатыр. Арнайы субсидия бөлініп, 1400 теңгенің 1 түк шөбі шаруаларға 1000 теңгеден ұсынылуда. Сонымен қатар, мемлекеттен аналық мал басына берілетін қаражатты жедел алу үшін ауданда төрт түлікті түгендеу аяқталды.

Малшылардың айтары бір. Жем жоқ, шөп жетпейді, салдарынан көтерем мал қырылып жатыр. Болатбек Қорғанбаев жарты жылдан бері тапқан табысына мал азығын алып отыр. Ай сайын шамамен 200 мың теңге жұмсайды. Соның өзінде 20 шақты ірі қарасы аштан өлген. Ал, шығын болған қойдың есебі жоқ.
Болатбек Қорғанбаев,  шаруа қожалығының иесі:
Жемнің бағасын көріп тұрсыңдар 2300 теңге 1 мешоғы. Арпа 4,500 теңге. Шөп 1000 теңге субсидиямен алдым. Енді соларды кішкене төмендетсе деген үміт бар.
Шаруаларға бұған дейін әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы арзан арпа жеткізілді. Одан бөлек, өзге облыстардан 13 вагон тегін шөп келген. Оларды белсенділер үлестірген.
Шаттық Дүйішова, шаруа қожалығының иесі:
Көмек деген беріліп жатыр. Өткенде маусым айының ішінде біздер деген осы әкімшілікке келген арпаны 92 теңгеден 100 мешок арпа алып, 1-2 айдан бері соны малға беріп отырмыз. 
Жайлы Қанатов,  шаруа қожалығының иесі:
Мысалы, шөп 1300-1400-ге шығып кетті. Соның үстіндегісін әкімдік төлеп жатыр. 1000 теңгеден аламыз, соның өзі көп көмек. 
Мұнайлы ауданында 172 ірі шаруа қожалығы бар. Бұған 400 ден астам үйдің малын қосқанда барлығы 17 мың жарым төрт түлік тіркелген.
Қадірбек Жексенбаев, Мұнайлы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
4 вагон осыған дейін арпа келіп шаруа қожылықтар мен үй шаруашылықтарға үлестірдік. Барлығының тізімі бар.
Қазір ауданда тізімге қарай қаржылай көмек беріле бастады. Есеп бойынша ірі шаруашылықтарға 26 млн, қорасында азды-көпті малы барларға шамамен 10 млн теңгеден бөлінді.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу