Алматы облысындағы 9 мектепте алғашқы қоңырау соғылмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысындағы 9 мектепте алғашқы қоңырау соғылмайды

11.08.2021

Алматы облысындағы 9 мектепте жөндеу жұмыстары қыркүйекке дейін бітпейін деп тұр. Демек бұл білім ордаларында биыл алғашқы қоңырау соғылмайды. Барлығы аймақта 19 білім ордасы бастан-аяқ жөнделіп жатыр. Өңірдегі тілшіміз Қуаныш Қанатұлы құрылыстың кешеуілдеу себептерін анықтап көрді.

 Бұл - Талдықорған қаласындағы Островский орта мектебі. Қазір тек қаңқасы ғана тұр. Күрделі жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 830 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Мердігерлер келісімшарт бойынша нысанды 2021 жылдың желтоқсан айында тапсыруы тиіс. Оған дейін мыңнан астам оқушы басқа ғимараттарда білім алады. Алматы облысында дәл осындай 9 білім шаңырағы бар.

Айжан Адамбекова, Алматы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
Енді 9 мектепте күрделі жөндеудің кеш басталуы ол қаржы мәселесі. Қаржының кеш бөлінуі және конкурстық процедуралардың жүргізілуі.

 Облыс орталығындағы Абай орта мектебі де былтыр тамызда жөнделе бастағанымен,әлі аяқталар емес. Тапсырыс берушілер мердігерлермен соттасып та үлгерді. Қазір жұмыстың 80 пайызы біткен. Жаңа оқу жылын офлайн оқимыз деп жоспарлап отырған мектеп ұжымы құрылысшылар қыркүйекке дейін үлгереді деген үмітте.

Дегенмен өңірдегі барлық мектептер биыл штаттық режимде оқуға дайын. Білім ошақтарына Ашық жобасы енгізіліп, қажетті санитарлық құрал-жабдықтар алынды. Ол үшін 200 млн теңге қаржы бөлінген.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу