Биылғы оқу жылында сабақ дәстүрлі форматта басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биылғы оқу жылында сабақ дәстүрлі форматта басталады

11.08.2021

Ата-аналар мен оқушылар үшін маңызды жаңалық. Биылғы оқу жылында сабақ дәстүрлі форматта басталады. 1-қыркүйекте мектептер мен колледж, университеттер шәкірттерге есігін айқара ашады. Алғашқы қоңырау тек мектеп табалдырығын аттаған 1-сынып оқушылары үшін ғана өтеді. Білім ошақтарында санитарлық қауіпсіздік қалай сақталмақ? Ғиммаратқа кіру тәртібі қандай? Жаңа оқу жылының жаңалықтары туралы тілшіміздің бейнематериалында.

Бір жарым жылға жуық оқушылар онла йн оқуға мәжбүр болды. Амалсыз қолға алынған бұл жүйенің кемшіліктері аз болған жоқ. Әсіресе интернет байланысы нашар елді мекендердің тұрғындары үшін қиынға соққаны анық. Министрлік осы уақытта кеткен олқылықтардың орнын толтыруға ниетті.

Асхат Аймағамбетов, Білім және ғылым министрі:
Халықаралық тәжірибеде жүргізілген қашықтан оқытудың нәтижесі де зерттелді. Соған сәйкес оқу жылында негізгі пәндер бойынша былтырғы қиын тақырыптарға көбірек сағат бөлініп, оқу бағдарламаларын түзетуге, нашар үлгеретін балалармен қосымша жұмысқа баса назар аударылады.

Дегенмен кей оқушылар онлайн оқуды жалғастырады. Ата-аналары немесе өздері ковидпен ауырған және денсаулығына байланысты тәуекел топқа жататын жеткіншектер қашықтан оқи береді. Оқу форматында да өзгеріс бар.

Асхат Аймағамбетов, Білім және ғылым министрі:
Жоғарыда айтылған талаптарды сақтай отырып, балабақшаларда 20-25 баладан аспайтын топтарға штаттық режимде жұмыс істеу ұсынылады. Өз кезегінде мектептердің 1-11-сынып оқушылары мен ЖОО, колледж студенттеріне дәстүрлі түрде жүргізу ұсынылады. Әрине, барлық снитарлық талап сақталады. 

Жаңа оқу жылымен бірге әліппе де қайта оралып отыр. Білім күнінде 1-сынып оқушыларына оқулықтар салтанатты түрде табысталмақ. Ал мектеп формасын кию міндетті емес.

Асхат Аймағамбетов, Білім және ғылым министрі:
Жаңа оқу жылында мектеп формасы негізінен сақталады. Бірақ, пандемия жағдайына байланысты мектепке классикалық үлгідегі ыңғайлы киіммен келуге де рұқсат беру бойынша шешім қабылданды.

Мұғалімдер мен қызметкерлер және студенттер білім ошақтарына тек ашық жүйесі арқылы кіреді. Қазіргі таңда ұстаздардың 93 пайызы вакцина алып үлгерген.

Асқар Мамин, Қазақстан Республикасының премьер-министрі:
Жаңа оқу жылында мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында, сонымен қатар колледждер мен жоғары оқу орындарында оқу штаттық режимде қамтамасыз етілсін. Білім министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, әрбір мектепке дәстүрлі форматта оқу бойынша нақты ұсынымдарды жеткізсін. Осы жылғы 25 тамызға дейін медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдардан басқа, педагогтар мен техперсоналды вакциналаумен 100 пайыз қамтамасыз етсін.

Үкімет басшысы сондай ақ 25 тамызға дейін оқулықпен қамту мәселесін толықтай шешуді тапсырды. Қазіргі таңда Түркістан мен Павлодар өңірлері кестеден кешігіп келеді.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Жаңа оқу жылында барлық оқушылар мен мұғалімдерге маска кию міндетті болмақ. Сондай ақ көпшілік шараларға шектеу қойылып отыр. Бір сынып – бір кабинет қағидасы жүзеге аспақ. Және әр сыныпты қоңырауға әртүрлі уақытта шығару ұсынылып отыр. Айтпақшы оқу жылының аяғында тағы да 4 апта қосымша жазғы мектеп ұйымдастырылады. Яғни сабақ уақыты 10 айға дейін ұзарады.

Шерхан Жамбылұлы 


Хабарламаларға жазылу