Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Маңғыстау облысында бүтін бір ауылдың тұрғындары көшелерді жарықтандыруға атсалысып жатыр. Олар былтырдан бері 53 көшеге жарық шам орнатқан. Игі іс ауыл арасында жалғасын табуда.
Бейнеу ауылының тұрғыны Роллан Ережеп көрші көшені бойлай жарық шамдардың орнатылып, жарқырап тұрғанын көріп, өзінің көршілеріне ұсыныс айтқан. Көпшілік бастаманы қолдап, 10 мың теңгеден қаражат жинаған. Оған диодты шамдар мен басқа да керек-жарақ алынды.
Роллан Ережеп, Бейнеу ауылының тұрғыны:Көшеміз асфальттанғаннан кейін бізге жарық керек болды. Себебі көліктер жүреді, қатты жүреді бұрынғыдай емес сондықтан балдар ойнайды, көшелеріміз жарық болып қазір сәні кіріп тұр.
Бейнеу ауылында барлығы 153 көше бар. Былтырдан бері соның тең жартысына асфальт төселген. 30 дан астам ескі үйдің шатыры жөнделді. 60 мыңға жуық халқы бар аудан орталығында газ құбырлары ескірген және электр жарығы әлсіз. Қаражат бөлінсе, 35 көшенің құбырын жаңарту жоспарда. Ал, электр энрегиясы қуаттылығын күшейту үшін, желіге түсетін салмақты азайту көзделген.
Сондай-ақ Бейнеу ауданында 30 балалар ойын алаңын салу көзделген. Алғашқысы жуырда пайдалануға берілді. Бұған қоса, түлектер 3 мектепке заманауи футбол алаңын тарту етті. Тұрғындар серуендейтін орталық саябақ пен Тәуелсіздік алаңы да абаттандырылды.
Аягөз Оралбайқызы