АҚШ тәліптер үкіметін мойындамайтынын ескертті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ тәліптер үкіметін мойындамайтынын ескертті

10.08.2021

АҚШ «Талибанды» Ауғанстанда әскери жеңіске ұмтылмауға шақырып, оның күшпен билікке келетін үкіметін мойындамайтынын мәлімдеді. Америкалық жауынгерлер мен НАТО контингенті елден шыққалы, ауған үкіметі мен тәліптер арасында қарулы қақтығыс үдей түскен. Соңғы мәліметтерге сай, радикалдық топ бір аптада елдегі 5 провинцияның астаналарын басып алып, тағы үш қалада үкіметтік күштермен қиян-кескі ұрыс жүргізіп жатыр. Дегенмен, «Рейтер» агенттігінің бірер сағат бұрынғы дерегінше, ауған армиясы 47 тәліптің көзін жойған.

Айта кетсек, Ауғанстанда 20 жылға созылған соғыста ондаған мың адам қаза тауып, миллиондаған тұрғын үйлерін тастап кетті. Қазір әлемді «Талибан» қозғалысы елді қайта басып ала ма деген сұрақ мазалап отыр. АҚШ президенті Джо Байден қарулы топ Кабулдегі үкіметті биліктен кетіре алмайтынына сенім білдірген еді. Алайда, маусымда АҚШ барлау қызметі халықаралық күштер кеткеннен кейін алты ай ішінде Ауғанстан тәліптердің бақылауына қайта өтуі мүмкін екенін ескертті. 

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу