Маңғыстауға 17 вагон шөп жіберілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауға 17 вагон шөп жіберілді

09.08.2021

Қуаңшылыққа тап болған Маңғыстау халқына Батыс Қазақстаннан 12 вагон шөп жіберілді. «Turan Busness Groop 2021» бірлестігі және өзге де «Атымтай жомарт» азаматтардың қолдауымен мал азығы сатып алынып, Ақтауға тегін жөнелтілді. Жетісулықтар да қалыс қалмай, қиналған жұртқа 5 вагон мал азығын жіберді. 
Қол қусырып отырмай қиналған жұртқа көмек жинап жүрген азаматтар Алматы, Түркістан, Маңғыстау облыстарынан келген. Асарға түркістандық Құрмет Талапқазының бастамасы түрткі болыпты.
Мұратбек Солтанбай,  ерікті:
Біз тек қана Оралға шыққан жоқпыз ғой, біздің жігіттер елдің түкпір-түкпірінде жүр. Құрмет бауырымыздың өзі - Павлодарда жүр. Қарағанды, Алматы, Жамбыл облыстарында, барлық жерде осындай жұмыс жүргізіліп жатыр.
 Жігер Дәулетов, ерікті:
Осы бастаманы әлеуметтік желіден көріп, вахтадағы жұмыстан келгеннен кейін осы жерге шығып кеттік екінші күні. Төсекте тыныш жата алмадық.
Жетісулықтар да көмектен тыс қалмады. Ескелді ауданына қарасты бірнеше елді мекен халқы бірігіп, бес вагонды биыл шабылған көпжылдық шөпке толтырып жіберді.
Шалқар Бекен,  Қайнарлы ауылының тұрғыны:
Ауылдағы халықта малдан басқа не бар? Малынан айырылды деген сөз, жанынан айрылды дегенмен бірдей. Соған елім деп, осындай азаматтар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, аталарымыз, қыл аяғы інілеріміздің өзі осы істің басы қасында жүр.

Ай соңына дейін өңірден қуаңшылық кесірінен мал азығынан тарыққан аймақтарға 100-ден астам вагон шөп жөнелтілмек.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу