Бүгін 11 спортшымыз жарыстың 7 түрі бойынша бақ сынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін 11 спортшымыз жарыстың 7 түрі бойынша бақ сынады

06.08.2021

Токиодағы Олимпиада соңына жақындаған сайын қызып келеді. Бүгін Қазақстандық 11 спортшы жарыстың 7 түрі бойынша бақ сынады. Алайда, күн сәтсіз өтіп, қоржынымызға медаль түспеді. Еркін күрестен қолаға таласқан Данияр Қайсанов қарсыласына жол беріп, 4-ші орынды қанағат тұтты. Бірақ, бір қуантарлығы, Дәулет Ниязбеков жұбаныш белдесуіне қатысатын мүмкіндік алды. Өйткені, оны ширек финалда ұтқан әзірбайжандық Гаджи Әлиев турнирдің финалына шықты. Осылайша, қазақстандық балуан ертең қола жүлдеге таласуы мүмкін.

Ал, жеңіл атлет Ольга Рыпакова кәсіби спорттағы карьерасын аяқтап, енді олимпиадаға қатыспайтынын мәлімдеді. Токиодан оралған спортшыны Қазақстандықтар зор құрметпен қарсы алды. Себебі, осы жолы жүлде алмаса да, бұған дейін үш олимпиадада олжа салған. Бейжіңде күміс, Лондонда алтын, Риода қола медаль алған.

Ольга Рыпакова, Олимпиаданың үш дүркін жүлдегері:
Осы Олимпимада мен үшін сәтсіз өтті. Бірақ, менің спорттағы мансабым Ольга Саладухина, Катя Мена секілді керемет спортшы қыздармен тұспа-тұс келді. Оларда Олимпиададағы мансабын қорытындылады. Менде сондай шешімге келдім. Алдағы уақытта қарсыластарымды жақын құрбы ретінде құрметтеп, жақсы көремін. Барлық спортшыларға сәттілік тілеймін.

Айта кетейік, қазір ұлттық құрамамыз жалпы есепте 7 қола медальмен 78-ші орында келеді. Көш басында әлі де Қытай, АҚШ, Жапония.

Амангелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу