Ірі компаниялар мен спорттық федерациялар бір күндік жалақыларын аударып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ірі компаниялар мен спорттық федерациялар бір күндік жалақыларын аударып жатыр

25.06.2019

Арыстағы жарылыстан зардап шеккен халыққа қоғамның барлық саласы көмек қолын созуда. Мемлекеттік мекемелермен бірге, ірі компаниялар және де спорттық федерациялар да бір күндік жалақыларын аударып жатыр. Бұл игі бастамаға жазушылар қауымы да бір кісідей атсалысуда. Сонымен қатар, жастар ұйымдары да өз үлестерін қосуда. 

 

Елордалық жастар таң сәріден қан тапсыру орталығына жиналуда. Белсенділердің бірінші мақсаты қан тапсырудан түскен қаражатты Арыстықтарға аудару, екінші жағынан қанға зәру науқастарға көмек көрсету.

 

Абылайхан Әбдіраш, Жастар ұйымының жетекшісі:

 

Бұл жерде қазақтың бірлігі, кең пейілдігі өте үлкен деңгейде көрініп жатыр және де барша нұр-сұлтандық жастарды, үлкен кісілерді де осы акцияға атсалысуға шақырамын.

 

Ақерке Жұманбаева, Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары:

 

Бұл тек бір ғана акция емес, қазір Республика, 34, Жастар сарайы, 306-шы кабинетте көмек жиналып жатыр. Оған да қаладан адамдар ағылып жатыр не әкелсек болады деп.

 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы халқымыздың бірлігі одан сайын нығайғанын атап өтті. Осы ретте, ақын-жазушылар сүбелі сөзбен ғана емес, материалдық тұрғыда да көмек жасауға қамданып жатқанын жеткізді.

 

Дәулеткерей Кәпұлы, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

 

Қазір елордалық қаламгерлер өздері қаражат жинап жатыр. Енді қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, қазақтың бір керемет сөзі бар «бақа сисе, көлге сеп» деген, ел болып жиналып жатқан жерден қаламгерлер қалыс қалып жатқан жоқ, Айтыскерлер одағы, Жазушылар одағы да барлығы бірлесіп, қаражат жинап жатыр.

 

Теннис әлеміндегі танымал тұлғалардың бірі, қазақтың мақтанышы Диас Досқараев түптеп келгенде Арыстың тумасы. Жайсыз жағдайды естіген бетте таныс-тамырына хабарласып, жерлестеріне жұмыла жәрдем қылу жұмыстарын ұйымдастырған.

 

Диас Досқараев, Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті:

 

Еліміздің саны 18 миллион ғана, көп емес қой. Осындай қиын жағдайлар болып жатса барлық аймақ өте маңызды көмек көрсету.

 

Ербол Мәндібек, тілші:

 

Қазақ халқы торқалы тойда ғана емес, кез-келген қиыншылықта жылағанын жұбатып, құлағанын тұрғызып, еңсесін тіктеуге епті келеді. Мұндайды ата-бабамыз бір ауыз сөзбен «қарыстан сүйем жақын» деп түсіндіріп кеткен. Ал, тұтастай алғанда Арыстағы ағайынның жағдайын түзеуге Қазақстанның барлық аймағы бір ауыздан үн қосып, береке мен бірліктің биігінен көрінуде.

 

Ербол МӘНДІБЕК

 

 

 

Хабарламаларға жазылу