Айдың күннің аманында балалардан айырылып жатырмыз. Жаз басталса терезеден ұшып кетті деген жайсыз хабар желдей еседі. Биыл ел аумағында 30 сәби жоғарғы қабаттан құлаған. Нысаналы Ығыл тарқатады.
Алдияр тынымсыз. Көзден сәл таса етсе, соқтықпайтын жері жоқ. Сондықтан үйдің үлкендері үнемі қырағы болуға тырысады. Әйтпесе, баланың көңілі далада.
Роза Ыдырысова, қала тұрғыны:
Бала деген шапшаң. Көз ілеспейді. Жүгіріп келсек мына өрмелеп кетіп бара жатқан жерінен талай ұстап алдық. Мынау терезені ашуды қойдық. Еңкейтіп қана қоямыз. Мынадай ашық тұрса кім біледі? Былай өрмелеп шықса құлап кетуі ғажап емес.
Иә, биіктен жерге қарай құлдилап, өмірі ерте үзілген өрендер көп. Елорданың өзінде жыл басынан бері 25 бала терезеден құлап, 3-еуі мерт болған. Жақын күндері Қостанайда да оқыс оқиға тіркелді. 3 сәби терезеден ұшып кеткен. Алайда, ата-аналар әлі де алаңсыз сияқты. Себебі, қорғаныш торы орнатылмаған пәтерлер жетерлік.
Нұрлан Тасығожин, тор орнату компаниясының меңгерушісі:
Көбінесе туыстарында, достарында, көршілерінде бала құлап жатады терезеден. Содан кейін бізге заказ береді. Және кейбіреулер сетканы итеріп жібергенде сетка құлайды, баланы ұстап алады. Сол кезде бізді шақырады.
Қауіпсіздіктің кепілі – қорғаныш торы боп тұр. 60 келіге дейін шыдас беретін алюминий және 100 келі салмақты ұстап қалатын монолитті поликарбонат материалынан жасалады. Бағасы 10 мың мен 20 мың теңге аралығы.
Жаз басталса полицейлер де, төтенше жағдай қызметкерлері де дабыл қағады. Баланы қараусыз қалдырмауға, терезені мықтауға шақырады. Бірақ, жылда қайталанатын бір қателіктің арты үлкен өкінішке душар етіп келеді.
Нысаналы Ығыл