«Алматы желдеткіш зауытының» қызметкерлері 100 пайыз екпе салдырып, қатерлі дертті тоқтатуға ат салыспақ. Қазақстандағы желдету жабдықтары мен климаттық технологияларды шығаратын жетекші кәсіпорында 100-ден астам адам еңбек етеді. Мекеме өз өнімдерін ел ішінде және шетел нарығына да жеткізеді. Вакцинациялауды бір ауыздан қолдаған ұжыммен әріптесім тілдесіп қайтты.
Зауытта 10 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан Ерболат Ертісұлы алғашқылардың бірі болып екпе салдырды. Маманның айтуынша, вакцинадан кейін ешқандай ауырсыну байқалмаған.
Ерболат Ертісұлы, «Алматы желдеткіш зауыты» ЖШС қызметкері:Вакцина алып жатырмыз. Барлығы жақсы. Ары қарай жалғастырып жатырмыз жұмыс істеуге. Коронавирусқа қарсы барлықтарыңды вакцина алуға шақырамын.
Қазір зауыт еліміздің азаматтық және өнеркәсіптік сұранысының 70%-ын қамтамасыз етіп отыр. Ұжымда 100-ден астам маман бар. Кәсіпорын басшылығының вакцинациялау туралы ұсынысын бірауыздан қолдаған.
Бүгінде кәсіпорында өнімнің 100-ден астам түрі шығады. Өнімділік жыл сайын ұлғаюда. Жетекші компания қауіпсіздік талаптарымен қатар карантин ережелерін де қатаң сақтайды.
Нұрғали Бүксіков, «Алматы желдеткіш зауыты» ЖШС бас директоры:Былтыр тура осындай кезде күніне 2-3 адам жұмысқа допуск ала алмайтын. Биыл вакцина алғасын, айына 1 адам ғана ауырады, статистика сондай. 90 пайыз екі компонентін алды.
Зауыттың қазіргі мақсаты - өндіріс көлемін арттырып, сұранысқа ие болу. Бұл межеге жетуде жаппай вакцинациялаудың да тигізген пайдасы зор дейді кәсіпорын басшылығы.
Жазира Оразқызы