Қазақстанның 19 миллионыншы тұрғынына 1 млн теңге берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанның 19 миллионыншы тұрғынына 1 млн теңге берілді

04.08.2021

Иә, Қазақстанның 19 миллионыншы тұрғыны Алматы облысында дүниеге келген. Кішкентай Жәния мен оның ата-анасы үшін бұл ерекше қуаныш екені сөзсіз. Шаттыққа кенелген отбасының шаңырағына біздің тілшілеріміз де барып қайтты.

Нұрғалиевтар отбасында кешеден бері құттықтаулар толастар емес. Жәнияның анасы Назгүл Көбентаеваның айтуынша бұл қуанышты хабарды дәрігерінен білген. Екі күн бұрын ғана сәбиін қырқынан шығарыпты.

Назгүл Көбентаева, Жәния Азаматқызының анасы:
Қобалжу да болды. Түнімен жолдасым екеуміз уайымдап. Біресе қуанамыз. Бүгін таңертең тұрып едік телефонымызға тыным жоқ. Президент мырза да құттықтап жатыр. Екінің бірінде ондай болмайтын шығар. Бақыттымын. 

Жас ана Назгүл Жәнияны Алматы қаласында босанған. Ол отбасының төртінші перзенті. Үлкені Әдемі 14-те, екіншісі Адия 9 жаста. Үшінші нәрестесі шетінеп кеткен. Бақытты отбасы қазір Алматы облысы, Іле ауданының «Достық» саяжайында тұрады. 10 жыл бұрын Сарқанд ауданынан көшіп келген.

Азамат Нұрғалиев, Жәния Азаматқызының әкесі:
Әйелім экономист-бухгалтер. Мен қарапайым құрылысшымын. Көбірек болса. Қазақтар өзіміз азбыз. Көбейейік. 

Ұлттық статитистика бюросының ақпаратынша 19 миллионыншы тұрғынды анықтау жалпы республика бойынша жүргізілген. Сондай-ақ, барлық демографиялық талаптар сақталды. Осынау тарихи сәтке сәйкес келген отбасын Алматы облысының әкмідігі де арнайы құттықтап, сәбиге қажетті заттар мен бір миллион теңгенің сертификатын табыс етті.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу