Қостанай облысында егіс алқаптарының 20 пайызы күйіп кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында егіс алқаптарының 20 пайызы күйіп кеткен

30.07.2021

Қостанай облысында биыл құрғақшылықтың кесірінен егіс алқаптарының 20 пайызы күйіп кеткен. Әсіресе оңтүстік аудандарда жағдай мүшкіл. Алайда заманауи технологияларды қолданудың арқасында, құрғақшылыққа қарамастан егіні бітік шыққан шаруашылықтар да бар. Алқаптардағы қазіргі ахуал жайлы Дәуренбек Әбдібектің рептортажы.

Облыстың оңтүстігіндегі Аманкелді адуанының аумағындағы егіс алқабының қазіргі көрінісі осындай. Ширек ғасыр егіншілікті кәсіп еткен Жоламан Тапаев мұндай қуаңшылықты алғаш рет көріпті. Мамыр айында еккен бидайдың дәні жоқ, бос қауыз ғана. Құрғақшалыққа төзімді деген тұқымның өзі биылғы аптапқа төтеп бере алмапты.

Жоламан Тапаев, шаруа:
58 күн өтті әлі бір тамшы тамған жоқ. Бұлт келеді, жел қуып кетеді. Жаңбыр болған жоқ. Сақтанған ылғалмен өсіп тұр. Жердің ауа райына беймделген Омский-29 дейді. Ол жыл сайын егіліп жүрген тұқым осы жерге. Өткен жылы осы тұқым 7 центнерден берді. Биыл жеті түгіл үштің өзін ала аламыз ба білмейміз.

Шаруа көктемгі науқанға 20 миллион теңге жұмсаған. Енді пайда таппақ түгілі осы шығынның орны толуы екіталай. Биыл облыс бойынша 4 млн гектарға жуық алқапқа бидай егілген. Соның 40 пайызының жағдайы осындай. Яғни шығымы өте төмен, немесе мүлде күйіп кеткен. Тек үш пайызында ғана бидай бітік өскен.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Бұл Меңдіқара ауданының аумағындағы егіс алқабы. Диқандар бұл жерден биыл гектарына 30 центнерден өнім жинаймыз деп отыр. Себебі мұнда дәні топырақ астында қыстап шығатын бидайдың ерекше түрі егілген. Мысалы мына алқапқа тұқым былтыр тамыз айының соңына дейін себіліпті.

Өзге де өңірлердегідей екі ай бойы көктен тамшы тамбаса да бұл алқапта бидайдың бітік шығуының сыры осы. Тамызда егілген тұқым суық түскенше тамырлап үлгереді. Одан кейін үстіне минералды тыңайтқыш себіледі, қыста жауған қар нығыздалып тапталады.

Валерий Яновский, бас агроном:
Бұл бидайдың жер астындағы тамырын көктемгі ызғырықтан қорғайды. Себебі тапталған қар бос қарға қарағанда бір апта кейін ериді. Күн жылығанда тамырланып дайын тұрған өскін тез көктеп шыға келеді.

Тағы бір ерекшелігі ерте жетілген тамыр ылғал төмендеген сайын тереңге бойлай береді. Сөйтіп құрғақшылықта өскінді сақтап қана қоймай, қауызына дәнді молынан жиюына мүмкіндік береді. Ерте шыққасын ерте піседі. Қазір жиын – терін жүріп жатыр. Биыл бұл шаруашылық қысқы бидайды 3 мың гектарға жуық жерге еккен. Жиналған өнімнің бәрі тұқым ретінде пайдаланылады. Себебі әр жылдары құрғақшылықтың кесірінен шығынға батып жүрген шаруалардың, бидайдың осы түріне деген қызығушылығы артып отыр.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу