Онлайн сауданың артықшылығы мен кемшілігі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Онлайн сауданың артықшылығы мен кемшілігі

29.07.2021

Соңғы екі-үш жылда әлем нарығында белсенділік танытқан отандық тауар өндірушілер бізде де бар. Олар ұн, ет, бал өнімдерімен қатар құрылыс заттарын саудалап жүр. Халықаралық Alibaba сауда алаңының негізінде қазір 61 қазақстандық компанияның тауарлары әлемнің түкпір-түкпіріне тасымалданады. Онлайн коммерцияның артықшылықтары мен кемшіліктерін біздің тілшіміз зерттеп көрді.

Алматылық «Оптоград» компаниясы Alibaba сауда алаңының көмегімен осы күнге дейін 500 мың доллар шамасында табыс тапқан. 10 жыл бұрын онлайн саудаға тіркелген кәсіпкердің өніміне соңғы жылдары сырттан сұраныс артқан. Біріккен Араб Әмірліктері мен Оман мемлекеттеріне қой мен қара мал етін сатады. Әлемнің жан-жағынан келіп жатқан сұраныстардың санына қарай өндіріс қуаттылығы мен өнім түрлерін көбейтуді көздейді.

Алмат Берденов, Optograd компаниясының бизнес дамыту директоры:
Қазіргі таңда «Эйр Астана», «Эйр Араби»я, «Флай Дуба»й ғана ұшады. Олардың да тасымалдау қуаттылығы үш тонна бір жібергенде. Сонда былай есептеп қарағанда, үш компания апта сайын 10 шақты рейс жіберсек, сонда ол апта сайын 30 тонна ет жібере аламыз. Ол тек қана Әмірлік жаққа дегенім. Бірақ қазір біз басқа елдермен де жұмыс атқарып жатырмыз.

Экспортқа шыққысы келетін кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіледі. Алтын аккаунт беріледі. Онсыз кәсіпкерлерге Alibaba-да бизнес жүргізу қиын. Әрі қазақстандық компаниялар әлемдегі миллиондаған тауар өндірушілермен бәсекелесу үшін алдын ала тренингтен өтеді.

Алмат Берденов, Optograd компаниясының бизнес дамыту директоры:
Alibaba-да күнделікті жұмыс атқару керек, клиенттерге тез жауап беру керек. Оның ішінде ақылы қызметтері бар.

Шығыс өңірінің бал ара шаруа қожалығы да электронды коммерцияның пайдасын көріп отыр. Таза өнім АҚШ, Еуропа, Қытай, Таяу Шығыс елдеріне экспортталады. Былтыр ғана жүз тонна бал сыртқа сатылған. Өнімнің логистикалық және тасымалдау жағы клиенттердің қаражаты есебінен өтеледі. Алайда, тауардың сыртқы нарықта қайта тексерістен өтуінде машақат көп.

Алексей Қасымбаев, «Алтай балы» шаруа қожалығының басшысы:
Ол үшін біз Украина мен Литвадағы серіктестермен бірге жұмыс жасаудамыз. Біздің бал өнімдеріміз сол елдерде зертханалық сынақтан өткеннен кейін барып Еуропа нарығына жеткізіледі. Еуропада да біздің өнім қосымша тексерістен өтуге тиіс. Содан соң Германия, Польша, Франция азаматтары біздің балымызды ала алады.

Электронды сауданың талаптары көп әрі қатал, себебі тараптар жүзбе жүз сөйлеспейді. Ол үшін компанияда өнімі мен өндірісі, пайдаланып жатқан технологиялары туралы жүйелі әрі нақты жеткізе алатын ағылшын тілін білетін маман болуы қажет. Репутациясына мұқият қарайтын компаниялар ғана бәсекенің шыңына шыға алады.

Ламбриан Топузидис


Хабарламаларға жазылу