Батыс Қазақстанда ауыл мектептері баланы қашықтан емес, оффлайн оқытуға дайын. Мәселен, Бәйтерек ауданындағы елдімекен мұғалімдері түгелдей дерлік екпе алған. Тілшіміз Ардақ Мұратқызы ауыл тұрғындарымен жүздесіп қайтты.
Переметное ауылындағы орта мектепте 235 бала оқымақ. Білім ошағында барлық санитарлық талап сақталып, жаңа оқу жылына дайындық жүріп жатыр. Ұжым түгел дерлік екпе алған.
Гүлжүзім Өтенғалиева, Камен орта мектебінің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі:
Мектебімізде 47 педагог бар. Солардың 45-і екпе алды. Қазір 95 пайыз жұмыстандық. Екпенің пайдасы бар. Өзім ауырған жоқпын, бірақ әріптестерім ауырса да, жеңіл түрде өтіп, біз оффлайнға дайын болдық.
Ата-аналар да мектеп мұғалімдерінің екпе алғанын құп көріп отыр. Бұл - дертке қалқан әрі көңілге сенім ұялатады.
Бағира Өтегенова, ауыл тұрғыны:
Отбасымызбен түгел екпе алдық. Осындағы мұғалімдер де барлығы алған. Бұл — бала саулығы үшін қажет. Әрі үйде емес, мектепте оқығандары жақсы, әрине. Мұғалімді көріп, түсінбегенін сұрап, алаңсыз білім алады.
400-дей бала білім алатын Щапов ауылының мектебінде де тек мұғалімдер емес, техникалық қызметкерлер де тегіс екпе алған.
Айгүл Қамешева, Щапов орта мектебінің қызметкері:
Бірінші екпені наурызда, екіншісін мамырда алдым. Барлығы жақсы өтті. Еш жерім ауырған жоқ. Мектеп ұжымы түгел алып болды. Ата-ана, балалармен жұмыс істеген соң, алу міндетті деп ойлаймын.
Дәрігердің айтуынша, ауылда бір үйден екі кісі бірден ковидтен көз жұмып, жерлейтін жан қалмаған кезде халықтың белсенділігі артқан.
Арман Мақсотов, ауыл тұрғыны:
Бірінші дозаны алдым, бүгін 14 күннен кейін екінші дозаны алып жатырмын. Жағдайым өте жақсы. Біріншісін алғанда кері әсер болған жоқ. Екпенің ешқандай зияны жоқ, пайдасы болмаса.
Ауылдағы екі мыңнан астам тұрғынның 60 пайызы екпе алған.
Ардақ Мұратқызы