Қазақстанның 5 қаласында карантин күшейтіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанның 5 қаласында карантин күшейтіледі

27.07.2021

Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау және Қарағандыда карантиндік шектеулер күшейтіледі. Бұл туралы Премьер-Министр орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен вирустың таралуына жол бермеу жөніндегі комиссия отырысында айтылды. Тәуліктік вирус жұқтырушылардың - 65 пайызы, қайтыс болғандардың 55 пайызы осы аталған аймақтарға тиесілі. Сол себепті 2 тамыздан бастап «Ashyq» жобасына қатыспайтын кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметі тоқтатылады. Ойын-сауықтық, спорттық шараларды өткізуге тыйым салынады. Мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар мен өзге де ұйым қызметкерлерінің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшуі тиіс.

Сондай-ақ, вице-премьер мониторингтік топтардың жұмысын жандандыруды тапсырды. Соңғы уақытта рейдтік шаралар азайған. Бірақ, заң бұзушылықтар тоқтамай тұр. Одан бөлек, кейбір өңірде вакциналау қарқыны төмен. Мәселен, Маңғыстау облысында халықтың 25 пайызы ғана екпе алған. Бұл елдегі орташа көрсеткіштен 2 есе аз.

Амангелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу