Ақмола облысында дауылдан зардап шеккен екі ауылда төтенше жағдай жарияланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында дауылдан зардап шеккен екі ауылда төтенше жағдай жарияланады

27.07.2021

Ақмола облысында дауылдан зардап шеккен Изобильное ауылы мен Бестөбе кентінде жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланбақ. Бұл табиғи апаттың салдарын жоюға мемлекет қазынасынан қаржы бөлуге мүмкіндік береді. Тиісті құжаттар Әділет министрлігіне жіберілді. Сондай-ақ, әлеуметтік көмек ретінде зардап шеккендерге 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде материалдық көмек көрсетілмек. Кеше арнайы комиссия екі елдімекенді аралап, қираған нысандарды қарап шықты. Нәтижесінде 2 әлеуметтік нысан мен 38 үйдің шатыры бүлінгені анықталды. Бір трансформатор мен 40 баған құлаған. Қазір Изобильное ауылына жарық беру үшін қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр.

Еркебұлан Баяхметов, Степногорск қаласының әкімі:
Изобильное ауылында қажетті жұмыстар жүргізілуде. «Көкше-Энерго» мекемесінің 30 қызметкері жұмылдырылған. Тұрғындар тарапынан да түсінушілік бар. Төтенше жағдай жарияланған соң, бюджеттен қаржы бөлеміз. Қорда 75 миллион теңге бар. Тәуелсіз сарапшыларды шақырып, мердігерді анықтап, қалыпқа келтіруге кірісеміз. Қазіргі уақытта қаладағы ірі кәсіпорындар есебінен көмек көрсетілуде.

Ермек Елберген

Хабарламаларға жазылу