Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Елдос Сметов елге оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Елдос Сметов елге оралды

27.07.2021

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Елдос Сметов елге оралды. Ол мінген ұшақ Алматыға таңға жуық қонды. Ел қоржынына алғашқы медальды салған спортшыны қарсы алуға жанкүйерлерімен бірге біздің түсіру тобы да барған еді

Алаштың мерейін асырған жерлесімізді туған-туыстары, достары мен жанкүйерлері, эстрада жұлдыздары бар салтанатымен қарсы алды. Ал спортшыға қолдау білдірген бір топ азамат ерлігі үшін Елдосқа темір тұлпар мінгізді.

Елдос Сметов, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері:
Барша қазақ еліне, барша халқыма, қолдаушыларыма осы жеңісімді арнаймын. Көп уақыт өтті енді. Шыны керек көп уақыт дайындалдық. Екі Олимпиада да жүлделі орынға ие болдық. Бірақ мақсатымыз алтын болған. Бұйырғаны осы. Бұған да шүкір. Біз елімізді, жерімізді, қазақ деген кім екенін, қандай халық екенін бүкіл әлемге танытқанымызға өте қуаныштымын.

Елдос Сметов Токио төрінде өткен додада әлемнің үздік сортшыларымен тайталасып, тағы бір мәрте мықтылығын дәлелдеді. Жартылай финалға дейін жетіп, бәсекеге бар күшін-жігерін салған отандасымыз қосымша уақытта жапондық қарсыласынан аз ғана ұпайпен жеңілді.

Бақтыбай Сметов, Елдос Сметовтың әкесі:
Әр жарыстың, бәйгенің орны бөлек екен. Бұл жолы қысымымыз көтеріліп, басылды ғой қазір. Жарысты көріп жатқанда оңай емес. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Не айтамыз, баламызға денсаулық тілейміз. Халқымызға рақмет қолдау көрсетіп.

Бұл Елдостың Олимпиададан алған алғашқы жүлдесі емес. Бұған дейін Рио төрінде өткен додада күміс медаль иеленген еді. Спортшы алтын алуға барын салатынын айтып, келесі олипиадаға қатысуы мүмкін екенін жеткізді.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу