Қазақ телевизиясының ардагері 80 жаста - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ телевизиясының ардагері 80 жаста

26.07.2021

Бүгін Қазақ телевизиясының ардагер дикторы Мәриям Айымбетова 80 жасқа толды. Ол оқыған жаңалықтар мен хабарлар, мәтінге жан бітірген жүрек лүпілі қосылған сырлы, сазды үн көрерменнің әлі де жадында. Әсіресе, Шара Жиенқұлова, Әмина Өмірзақова, Бекен Жылысбаев сынды өнердегі алыптар жайлы бағадарламалар рухани қазынаға бергісіз дүниелер екені сөзсіз. 30 жыл бойы көгілдір экранның төрінде көрермен көзайымына айналып, еліне қалтқысыз қызмет еткен ардагерді біздің әріптестеріміз де құттықтап қайтқан еді. 

Аймақтық телеарнадан Мемлекеттік теле және радио хабарларын тарату комитетіне диктор боп ауысқанда Мәриям Мәжитқызы 25 жаста еді. «Шыбық бір жерде көгереді» деген ұстаныммен, табан аудармай 30 жыл бойы қазақ телевизиясы арқылы хабар таратып, миллиондаған көрерменнің көзайымына айналды.

Эфирде өзін-өзі ұстауы, сөздерді құбылтып оқитын мақамы, көрікті келбеті көрермен жүрегінде сақталды. Сөз қадірін ұққан қазақтың қаршадай қызы сол уақыттардаэкранның сүйіктісіне, сұлулықтың символынаайналып үлгерген еді. Қасиетті қара шаңырақтың қабырғасында жүрген кезеңдерді,замандастарын, эфир қызықтарын жолдасы Ләскер Сейітов екеуі сағынышпен еске алып, жиі сөз етеді.

Ләскер ағай мен Мәриям апайдың есімі телевизия саласында бірге аталады. Осында табысып, ұл-қыз өсіріп, немере сүйген олардың жарасымды жұбы көпке үлгі. «Әлемді жайлаған пандемия болмағанда, Мәриямның 80 жасын дүркіретіп атап өтер едік» дейді ақсақал. Дегенмен, тәртіп-талап бәрімізге ортақ екенін, басты байлық – денсаулықтың қадірін білуге шақырды.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу