Арыстағы жарылысқа байланысты айыпталғандарға сот үкім шығарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арыстағы жарылысқа байланысты айыпталғандарға сот үкім шығарды

26.07.2021

Арыстағы жарылысқа байланысты бүгін сот үкімі шықты. Әскери соттың шешімімен айыпталған 16 азаматтың 12-і төрт жыл мен 10 жыл аралығында бас бостандығынан айырылды. Қалған төрт азамат жазасын шартты түрде өтейді. Шымкент қаласындағы әскери бөлімде өткен сот «мемлекеттік құпияға байланысты деректер бар» болғандықтан жабық жағдайда өтті. Темір торға тоғытылғандардың тек біреуі ғана соттың үкімімен келіспеген. Өзгелері оған қатысты ешқандай пікір білдірген жоқ.

Естеріңізде сала кетсек, 2019 жылдың 24 маусымында қару жарақ сақтайтын әскери қоймада болған дүркін-дүркін жарылыстан шағын шаһардағы 7 мың 600-дейі тұрғын үйге зақым келді. Баспаналардың 85 пайызының шатыры бүлінді. Арыста тіршілік еткен 45 мыңдай халықтың жартысына жуығы төтенше жағдайдан соң бірнеше күн Шымкент қаласында тіршілік етті. 400-дей адам Түркістан мен өзге аудандарда түнеуіне тура келді. Үкімет деңгейінде қабылданған шұғыл шаралар мен барша қазақстандықтардың жанашырылық қолдауының арқасында шаһар бірер айда қалыпты өмірге оралды. Сотта 1 мың 500 адам жәбірленуші ретінде танылды.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу