Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев біздің былғары қолғап шеберлері кез-келген тосынсыйға дайын екенін жеткізді. Онлайн сұқбат барысында ол ұлттық құрама жаттығудың соңғы кезеңін өткізіп жатқанын айтты. Команда мүшелерінің жағдайы жақсы, климатқа, жат елге бейімделгенін де айтып өтті. Бас бапкер медаль бойынша алдын-ала болжам, жоспар жайлы бөліспеді. Дегенмен барлық боксшылардың тұғыр биігінен көрінуге үмітті екенін айтты.
Ғалымжан Кенжебаев, Бокстан Қазақстан командасының бас бапкері:
Әрбір спортшының мақсаты бар, әрбір спортшы үлкен жеңіске лайық. Енді дайындықтары да жақсы. Енді бәрі ринг көрсетеді ғой. Бақ шаба ма, бап шаба ма дейді ғой. Енді әрине Олимпиадада жеңіл жекпе-жектер жоқ. Бірақ жігіттердің дайындығы жақсы, барлығы аман-сау.
Токио ойындарында еліміздің намысын 9 былғары қолғап шебері қорғайды. Олардың ішінде әйелдер құрамасынан Надежда Рябец бар. Ол бірінші кездесуде канадалық спортшымен жұдырықтасады. Ал ерлер құрамасының боксшылары алғашқы жекпе-жекте Мысыр, Перу, Венгрия, Испания спортшылармен шаршы алаңға шығады. Бокс бәсекесі 24-шілде күні басталады.