Қазақстанда коронавирустан 2 бала қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда коронавирустан 2 бала қайтыс болды

23.07.2021

Қазақстанда коронавирустан 2 бала қайтыс болды. Соңғы айларда үлкендермен қатар балалар арасында да індет өршіп барады. Бірақ, вакцина балаларға міндеттелмейді. Денсаулық сақтау министрі елде эпидахуалдың нашарлап бара жатқанын баса айтты.

Жыл басынан бері 34 мыңдай бала коронавирус жұқтырған. 550-ден астам сәби ауруханада жатыр. Төртеуінің жағдайы өте ауыр деп отыр мамандар. Жалпы,балалар арасында індет жұқтыру 5 есеге көбейген. Екі бала көз жұмды. Олар – СҚО мен Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары. Бірақ, балаларға вакцина егу міндеттелмейді, ерікті түрде жүргізіледі.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Қазір тек ересектер екпе салдыра алады. Балаларға қанша уақытта вакцина салып бітіретінімізді айта алмаймыз, себебі ол ерікті түрде, ата-анасының келісімімен болады. Түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Жиі хабарласып, баласына вакцина салдырғысы келетінін айтып жатқандар бар. Өкінішке қарай, Қазақстанда ол вакциналар жоқ. Балаларға салуға ұсынылған вакцина болған кезде қамтамасыз етеміз.

Әзірге балаларға ұсынылған вакцина – Pfizer. Қазір оны елге жеткізу үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр. Америкалық өнім жыл соңына дейін 2 млн дозамен келуі мүмкін. Жалпы, қазір елдегі жағдай күрделі. Індет өршіп барады. Өлім-жітім жағдайы күрт өсті. Күніне 60 адамға дейін көз жұмуда. Вирусты жұқтырғандардың 99 пайызы вакцина алмағандар. Ал екпе қабылдағандардың арасында ауру жұқтырғандар көрсеткіші 0,09 пайыздан аспайды. Ел бойынша вакцина алғандар саны 5 млннан сәл ғана асты. Ұжымдық иммунитет қалыптасуы үшін кемінде 11 млн адам қамтылуы тиіс. Өкінішке қарай, вакцина паспорты да саудаға түсті. Бірақ, қолында құжаты бар, алайда ағзасында індетке қарсы иммундық қалқаны жоқтар ауырып қалған жағдайда ем-дом басқаша жүргізіледі.

Қазір адам тағдырына бей-жай қарағандарға қатысты қатаң күрес басталды. Вакцина саудасы бойынша 60 қылмыстық іс қозғалды. Елдің бас дәрігері жалған құжат жасатқандар қайткен күнде ұсталатынына сенімді.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу