Жамбыл облысында шөп ору науқаны қыза түсті.Шөбі шүйгін Меркі, Мойынқұм, Шу аудандарында жәрмеңке ұйымдастырылып жатыр.
Мал азығын аймақтағы шаруалар осы аудандардан тасымалдауда. Алайда, «аспандаған шөп бағасы мен жол шығынын қалтамыз көтермейді» деген кейбірі көмек сұрап әкімдіктің алдына барды.
Шабындық жерлері қу тақырға айналған шаруалар жүздеген шақырымнан шөп тасып шығынға батамыз, дейді. Ал, қысқы мал азығы әлі дайын емес. Дабыл қаққан малшылар шөп тасуға көмек сұрап, әкімдіктің алдына келді.
Қадырқұл Мышбаев, қожалық басшысы:
Ол жақтан бізге тасу үшін көлік керек. Бір машина КамАЗ жалдау үшін 500 мың теңге керек.
Ал шөбі шүйгін Меркі ауданында жағдай мүлде бөлек. Жүздеген гектар жерге жоңышқа еккен шаруашылық басшысы шөп былтырғыдан көп шықты дейді. Екінші мәрте орғанда біріншіден екі есе көп өнім жинаған. Қазір орылған шөп алқап басынан алты жүз бен мың теңге аралығында саудалануда.
Тәуіржан Алтынбаев, кәсіпкер:
Гектарына басқа облыстарда екі жүзден ең жоғарғысы түк алып жатса біздер мне 400-500 пландап отырмыз, жеткізіп беру салып беру, ол да қарастырылған, жәрмеңке бар, сол нәрселерді қосып алып қалмаса, әрине, қыста сөзсіз қымбаттайды.
Қазір әкімдік азды-көпті малы барларға алқап басынан арзан бағамен шөп тиеп әкетуге үгіттеуде. Өйткені ішкі сұранысты жауып бітпей шөп сыртқа саудаланбауы тиіс. Ал, жәрмеңкеге түскен мал азығын басқа ауданнан келген шаруалар бірден сатып алуда.
Достай Сәрсенбиев, Меркі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
Қазір 82 пайызын аудан көрсеткішін дайындап үлгерді деп есептесек болады. Онымен қоса біздің табиғи шабындықтарымыз бар, ол жерден қазір 4 мың тоннадай пішен дайындалып отыр.
Қазір ауданда шабындық алқаптардың тізімі жасалуда.
Сәбит Әлдебай, тілші:
Жаздың бір күні қыстың қырық күніне азық болады. Қазір ауыл тұрғындары осындай арық атыздардың маңын шауып алуға тырысуда. Қамыс құрақты былай қойғанда бұған дейін орақ түспейтін жантақ, алабота секілді алқаптарға да шалғы түсуде.
Ал, ауылдағы кей тұрғындар жәрмеңкеде шөп қымбат сатылып жатқанын айтады. Сондықтан қыстан малды аман шығару үшін өзінше амалдауға көшкен.
Алдаберген Ақпенов, Ақтоған ауылының тұрғыны:
Мына егіннің жанын арықтың ішінен су аққан жерлерден шауып жинап, арбамен тасып, көлікпен тасып жатқан жатқандар көп, жантақ шапсаң да мал аш қалмайды. тікен шапсаң да мал аш қалмайды.
Жалпы Жамбыл облысында дайындалған мал азығының көлемі 1 млн 300 мың тоннаны құрайды. Ал, аймақтағы бар малды қыстатуға 1 млн 712 мың тонна шөп қажет. Қазір ол көрсеткіш 80 пайызға орындалған.
Сәбит Әлдебай