Францияда санитарлық төлқұжат жүйесі іске қосылды. Онсыз елдегі мұражай, кинотеатрға кіруге болмайды. Тамызда дәмхана, мейрамханаларға кіретіндерден де төлқұжат талап етілуі мүмкін. Италияда да екпе алмағандардың кейбір қоғамдық орындарға баруына тыйым салынбақ.
Италия үкіметі вакцина алмаған тұрғындарға қатысты шектеу шараларын енгізетінін мәлімдеді. Оның аясында екпе салмағандар мейрамханалар, түнгі клуб, спорт залдары мен алаңдарға кіре алмайды. Сонымен бірге, олардың пойыз және ұшақпен қатынауына да шектеу қойылуы мүмкін. Бұған елде «Дельта» штамының жылдам тарауы түрткі болып отыр. Италиялықтар шектеу шараларына қатысты түрлі пікірде.
Федерика Гримолди, Рим тұрғыны:
Жасыл статустың болуын талап етпеген дұрыс деп ойлаймын. Мейрамханаға кіру үшін шектеу қоюды құптамаймын.
Рафаэлла Пудду, Рим тұрғыны:
Коронавируспен ауырмайтыныңды дәлелдейтін құжатты көрсеткен дұрыс. Оны барлығы үшін міндетті ету керек.
Иран астанасы мен оған жақын орналасқан провинцияларда алтыкүндік локдаун енгізілді. Елде коронавирустың бесінші толқыны жүріп жатыр. Бір тәулікте қауіпті инфекцияны жұқтырғандар саны 27 мыңнан асқан. Ковидке шалдығу фактілерінің өсуіне «Дельта» штамының өршуі, вакциналау қарқынының баяу жүруі себеп. «Рейтер» агенттігінің мәліметінше, 83 миллион тұрғынның 2 миллион 300 мыңдайы ғана коронавирусқа қарсы екпе алған.
Ал, Ұлыбритания ғалымдары «Файзер» және «АстраЗенека» вакциналары коронавирустың қауіпті «Дельта» штамынан тиімді түрде қорғайтынын дәлелдеді. Аталған препараттар инфекцияның «Альфа» штамына да төтеп бере алады. Зерттеу авторларының айтуынша, бұл үшін екпелердің толық екі дозасын алған маңызды. «Файзер» вакцинасы коронавирустың «Дельта» штамынан 88 пайыз, ал «АстраЗенека» 67 пайыз қорғайды.
Оңтүстікафрикалық компания Pfizer вакцинасын өндіруді бастайды. Кейптаун қаласында орналасқан «Биовак» компаниясы шығаратын екпе Африка құрлығындағы 54 елге жеткізіледі. Жылына мұнда «Файзердің» 100 мың дозасын шығару жоспарланып отыр. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін шамамен бір жылдай уақыт қажет.
Ал, Қытай коронавирустың шығуын зерттеудің екінші сатысы бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жоспарынан бас тартты. Халықаралық ұйым шара аясында Ухань қаласындағы зертханалар мен базарларды тексеруді ұсынып, Қытай билігін ашық болуға үндеген еді. Ресми Бейжің ұйым ұсынған жоспардағы коронавирус зертханадан тараған болуы мүмкін деген болжаммен келіспей отыр. Сонымен бірге, олар вирустың пайда болуына қатысты зерттеуді Қытайдан басқа да елдерде жүргізуді талап етті.
Арай Төлегенқызы