Жамбыл облысындағы Меркі ауданының тұрғындары ағын суға жарымай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысындағы Меркі ауданының тұрғындары ағын суға жарымай отыр

19.07.2021

Жамбыл облысы Меркі ауданының тұрғындары ағын суға жарымай отыр. Ескірген су арналарымен жіберілген су егістікке жетпей жарты жолда құрғап кетеді. Оның үстіне Қырғызстан Үлкен Шу арнасы арқылы келетін өзенде су мүлде жоқ. Ал, таудағы бұлақ -бастаулардан шығатын судың да деңгейі түсіп кеткен. Қазір ауыл азаматтары бірігіп, бұлақтардың көзін ашуға кіріскен. Бірақ одан еш нәтиже шығар емес. Шалғайдағы диқандармен Сәбит Әлдебай сұхбаттасып қайтты.

Сәбит Әлдебай, тілші:
Тозығы жеткен осы су арналарынан су алатын қос ауданның бірнеше елді мекені жиырма жылдан бері ағын судың азабын тартып отыр. Енді ауыл маңындағы мына аспалы су арнасы құлап, ағын су мүлде келмейтін болды.

Тау бөктеріндегі Ақтоған ауылы жайқалған нуымен танылған елді мекендердің бірі. Алайда, ауыл тұрғыны Аязгүл Раева арық-атыздардың бәрі бітеліп қалды дейді. Су арналары істен шыққалы ауыл тұрғындары бақша өсіруде қойған. Ал, ауласына азын-аулақ көшет еккендер құбырдың суын тасиды.

Аязгүл Раева, Ақтоған ауылының тұрғыны:
Қолымыздағы азғантай агоротқа үйіміздегі судан тасып құып аламыз бала шомылатынға осыдан тасимыз. су жоқ қой су келмегеннен кейін екпейміз, жатыр, көріп тұрғандарыңыздай қурап, сарғайып, бұрын жақсы еді шарбағымыздан жоңыршқамызды орып алатынбыз.
Ельдос Әлімбаев, диқан:
Жер жыртқызып 1-2 гектар бақша егетінбіз. Биыл құрғақшылықтың әсерінен ба су мәселесі өте қиын болып жатыр. Таудан су келмейді. Судың зардабынан соның бәрі тоқтап тұр енді.

Ал, ауыл атқамінерлері шөліркеген шаруаларға су жеткізу үшін бұлақтардың көзін ашуға күш жұмсап көрген. Ол үшін жиырма шақырым жерге дейін арық қазылыпты.

Тұрар Дулатбаев, Ақтоған ауылының әкімі:
33 бұлақ көзін тазаладық, сол кезде екі күн арасында ауылға суды алып келдік, бірақ судың мөлшері соншалықты төмен, шыны керек 5 литрдан су келді ауылға, енді ол жерден де су келмей тұр. Себебі шаруашылықтарға су жетпей жатыр.

Меркідегі барлық ауылда ағын су мәселесі мәз емес. Қазір көрші елден келетін су мүлде тоқтаған. Құрғақшылық қысқанда кезеңде бұл жығылғаға жұдырық болды дейді.

Мәлік Әділқұлов, «Қазсушар» РМК Меркі өнідірістік бөлімінің басшысы:
Су жоқ дейді, Ол жақта да өздерінде су жетіспеушілік па бізбен тұрған келісімді олар орындамай отыр. Бірақ біз Аспара өзіненіне біз қырғызға қарай су береміз, ал қырғыздар жағы келісімді ұстамайды.

Биыл, ауданды сумен қамтып отырған Аспара мен Меркі өзенінің суы екі есеге дейін төмендеп кеткен. Қазір ағын су алқаптарға қатаң тәртіппен берілуде. Ал, ағын су мүлде келмей қалған ауыл тұрғындарына су арналары күрделі жөндеуден өтпейінше күтуден басқа амал жоқ.

Сәбит Әлдебай


Хабарламаларға жазылу