Президент эпидахуалды жақсартудың жұмыс жоспарын дайындауды тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент эпидахуалды жақсартудың жұмыс жоспарын дайындауды тапсырды

19.07.2021

Вакцинаға қарсы шағын топ үшін қазақстандықтардың денсаулығына қауіп төндіре алмаймыз. Дегенмен батыс елдеріндегідей екпе алуға мәжбүрлеуге де болмайды. Бүгін ақордада өткен жиында президент вирустан қорғанудың тиімді тәсілі тек вакцина екенін тағы бір мәрте еске салды. Ал үкіметке ахуалды жақсартудың нақты жоспарын әзірлеп, бір айдан кейін есебі сұралатынын айтты.

Үкімет бір апта бұрынғы жиында бәрі бақылауда деген. Алайда қазір жағдай мәз емес. Күн сайын 5 мыңнан астам науқас тіркеліп жатыр. Ауруханалар лық толы. Әсіресе елордада эпид ахуал күрделеніп барады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Өңірлердің басым бөлігі «қызыл» аймақта. Ауыр және аса ауыр жағдайдағы науқастардың саны күн сайын көбейіп барады. Ең өкініштісі, азаматтарымыздан айырылып жатырмыз. Сондықтан шұғыл түрде іс-шараларды қолдануымыз керек. Тиісті жұмыс жоспарын дайындап, оны міндетті түрде іске асыруымыз қажет.Біздің ең өзекті мақсатымыз – вирустың таралуын тоқтату емес. Әлемдік тәжірибе мұның мүмкін емес екенін көрсетіп отыр. Ең бастысы – аса ауыр науқастардың көбеюін болдырмау, адам өмірін сақтау. Сондықтан, оның бір ғана жолы бар. Бұл – жаппай вакцинация, екпе салу.

Қазіргі таңда екпенің екі компонентін де алған қазақстандықтардың саны 2 млн 800 мыңнан асты. Жалпы вакциналаудың қарқыны жақсы болғанымен, әр өңірде жағдай әртүрлі. Бұл әкімдердің жұмысына сын.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Пандемия аймақ басшылары үшін өзіндік емтихан болды. Бұл емтиханды әкімдердің кем дегенде жартысы «үшке» тапсырып жатыр.Вакцинамен аз қамтылған өңірлерге әдістемелік көмек көрсету үшін көшпелі бригадаларды шұғыл қалыптастыру керек. Аймақтың ерекшелігін ескеріп, өңірдегі жұрттың көңіл-күйін бақылап, былайша айтқанда жалпы «температураны»өлшеу өте маңызды.

Вакцина мәселесіне келгенде мәжбүрлеу болмайды. Президент осылай деді. Алайда ірі ұжымдар мәселесіне көзқарас басқаша. Себебі аз топтың ұстанымы үшін көпшіліктің саулығына қауіп төндіруге болмайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Иммундау процесін тежейтін тағы бір өзекті мәселе – жалған вакцина паспорты. Бұл жағымсыз құбылысты тез арада тоқтату маңызды.Вакциналау құжаттарын қолдан жасауға жол берген адамдарға қатаң жаза қолдануды тапсырамын. Мен бұл мәселені кеңейтілген отырыста көтердім. Әңгіме елдің ұлттық қауіпсіздігі туралы болып отыр.

Карантин жағдайында өмір сүріп, жұмыс істеп үйрену керек деді президент. Әзірге бұған қолғабыс «Ашық» бағдарламасы. Алайда соңғы кездері ашықтың ережесін ескермей, карантинді бұзушылар саны артып келеді. Президент оларға жазаны қатаңдатуды тапсырды. Ал ашық жүйесіне кіргісі келетін бизнес өкілдеріне әлі де кедергі бар. Бұл мәселе жуық арада шешілуі тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Ashyq» қосымшасының қамту аясын кеңейту, оның функционалын жетілдіру және жұмысын күнделікті мониторингтеу туралы ұмытуға болмайды. Бұл жүйенің операторы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы болғанына қарамастан, кәсіпкерлік нысандарды «Ashyq»-ты пайдаланушылар тізіміне қосу өте ұзақ бюрократиялық процесс екені туралы ақпараттар бар. Мемлекет «Ashyq» және өзге де цифрлық құралдарды пайдаланатын бизнес нысандарын қолдауға тиіс. Екінші жағынан, мұндай мониторинг шараларын елемейтін кәсіпкерлерді қатаң жазалау керек. Бұл мәселе әкімдердің ерекше бақылауында болуы керек.

Былтыр жазда болған жағдайдың қайталануына жол беруге болмайды. Денсаулық сақтау жүйесінің бір қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. «Өкінішке қарай, осы мәселеде олқылықтар бар», - деді Мемлекет башысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Менің тапсырмам бойынша өңірдегі денсаулық сақтау нысандары тексерілді. Оның нәтижесі көңіл көншітпейді. Жаңадан салынған модульді жұқпалы аурулар орталықтары ғана стандарттарға сай келеді.

Ертең бүкіл мұсылман қауымы үшін қасиетті Құрбан айт мерекесі басталады. Ал, елімізде эпид ахуал күрделі. Сондықтан жұрттың құрбандық шалатын жерлерде жаппай жиналуына жол берілмейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жағдайды одан бетер ушықтырып алуымыз мүмкін. Үкімет пен әкімдер осы мәселені ерекше бақылауда ұстауға тиіс. Құрбан айтта инфекциялық қауіпсіздікті барынша қамтамасыз ету қажет.

Өкінішке қарай коронавирустың жаңа толқыны ең жойқын болып отыр. Соңғы күндері жүздеген азаматымыздан айырылып қалдық. Ауруханаға түскен науқастардың саны күрт көбейді. Осындай күрделі ахуалға байланысты мемлекет басшысы қазақстандықтарға үндеу жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Еліміздің әр азаматына айтарым: денсаулықты сақтаңыздар, туған-туыстың, отбасының амандығын ойлаңыздар! Ал Үкімет пен өңір басшылары белгіленген міндеттердің бәрін мінсіз атқаруға тиіс.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу