Қазір желіде жемтігін іздейтін алаяқтар көбейген. Әсіресе жалған екпе құжаты мен ПТР-тест нәтижесін жасайтындардың саудасы қызып тұр. Тексеріс барысында полиция қызметкерлері осындай 46 хабарландыруды анықтаған. Мысалға, жалған медициналық анықтама жасатқан қостанайлық мұғалім алаяқтардың құрбаны болды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеп отыр.
20 мың теңгеге екпеге қарсы көрсетілімі бар анықтама алған қостанайлық ұстаз бір шикіліктің барын дер кезінде байқаған. Мәселенің анық-қанығына жетпекке құжат дайындалды делінген мемлекеттік емханаға келеді. Мұнда бас дәрігердің медициналық қызметтердің сапасын бақылау жөніндегі орынбасары жалған анықтама жайлы дереу полицияға хабар берген.
Шұғыла Тұрлыбек, ІІМ өкілі:
Бұл дерек қылмыстық кодекстің «Жалған құжат әзірлеу» бабы бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш заң бұзушылық бойынша 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қазір жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Жауаптылар анықталып, сотқа тартылатын болады.
Ал ақтөбелік ерлі-зайыптылар ПТР-тест анықтамасын сатып табыс тапқан. Анықталғандай олар бұл іспен былтырдан бастап айналысқан. Әйелі қаладағы медициналық орталықтардың бірінде жұмыс істейді. Күйеуі «Жайсаң» шекара бекетінде жүргізушілермен келісім жасап, серігі арқылы жалған құжат дайындап беріп отырған.
Ерболат Сарқұлов, облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:
Жалған ПТР-тестерін қолданған 10 азамат куәгер ретінде анықталып, олардан жауап алынды. Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 385-і 1-ші және 3-ші бөлігі «Көрінеу жалған құжаттарды пайдалану бойынша» тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетейік, жалған ПТР-тест анықтамаларын әзірлеуге байланысты елімізде 42 іс қозғалған. Соның 39-ы осы жылы тіркеліп отыр. Екпе алғандығы туралы жалған құжатты жасау бойынша қазір 23 қылмыстық іске тергеу амалдары жүргізілуде.
Бауыржан Бөгенбай