Сыр өңірінде соңғы күндері эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз. Коронавирустың таралу көрсеткіші өсіп, өткен тәулікте 110 адам індетке шалдықты. Бүгінде ауруханалар 66 пайызға толып, қосымша төсек орындар әзірленуде. Аймақта жағдай ушыққанына қарамастан былтыр 6 миллиард 300 миллион теңгеге салынған модульдік аурухана ел игілігіне берілмей тұр. Соңғы үлгідегі медициналық қондырғылармен жабдықталған емдеу орнына өңірдегі тілшіміз Әділбек Серікұлы барып, мән-жайды анықтап көрді.
Әділбек Серікұлы, тілші:
«Қызыл» аймақтағы Қызылорда үшін мына заманауи аурухананың іске қосылғаны қазіргі күрделі жағдайда өте маңызды еді. Бірақ мемлекеттің қыруар қаржысына салынған 200 орындық инфекциялық стационар әлі күнге дейін пайдалануға берілмей тұр. Ал өңірде эпидемиологиялық ахуал ушығып, індет жұқтырғандар саны күннен күнге көбейіп барады.
Коронавирусқа шалдыққан науқастар үшін деп салынған жап-жаңа стационардың құрылысы былтыр желтоқсан айында аяқталған. Содан бері, жеті ай өтсе де тиісті құжаты рәсімделмей, қаңырап бос тұр.
Лязат Бақтыбаева, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтік топтың жетекшісі:
6,3 миллиард теңгені жұмсап оған, ол модульдік аурухананы салып қойып, бетіне қарап отырудың қандай қажеттілігі болды. Былтырғы август айынан салынады дегеннен қазір 1 жылға жуық уақыт өтті. Біз бодан бері бірнеше коронавирустың толқынынан өтіп жатырмыз.
Елді әбігерге салған коронавирус індеті соңғы аптада қайта өршіді. Қазіргі таңда аймақтағы инфекциялық стационарларда 499 науқас ем алуда. Соның 39-ы жансақтау бөлімінде жатыр. Бүгінде ауруханалар толуға жақын. Ал облыстың бас дәрігері жаңа модульдік аурухана бола тұра, өзге медициналық мекемелерден қосымша төсек орындарын ашуға мәжбүр.
Сәбит Пазылов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
Шілден бастап төсек орындар 760 көбейді. 17 шілдеден бастап 1240 дейін көбейтеміз деп отырмыз. Реанимациялық төсек-орындар 110 дейін көбейетін болады.
Облыстық құрылыс басқармасы заманауи аурухананың іске қосылмауына мердігер мекеме кінәлі дейді. Олар құжат рәсімін сағызша созып жіберген. Сол себепті, қолда бар модульдік стационар дәл қазір мемлекет меншігінде емес. Толық заңдастыру жағы аяқталуға жақын дейді басқарма басшысы.
Бердияр Пірімбетов, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
Енді оны тапсыру үшін, олар жоба-сметалық құжатты, экспертизаны өткізіп жатыр. Олар енді осы айдың аяғына дейін экспертизадан өткіземіз дейді. Одан кейін келіп, бізге тапсырылады.
Мамандардың сөзіне сенсек, 200 орындық инфекциялық аурухана тамыз айының ортасында пайдалануға берілмек. Ең бастысы, мына індет дендеген уақытта дертіне шипа іздеген жандар игілігін көрсе дейміз.
Әділбек Серікұлы