Ұлыбританияның еңбек нарығы дағдарыс алдында тұр. Коронавирус індеті өршіген кезде Еуроодақ мемлекеттерінен нәпақа айыруға келген жұмысшылар елдеріне кетіп қалған. Ал қайтып оралуларына Брекситтің жаңа ережелері кедергі. Жаңа көші-қон талаптарына сәйкес біліктілігі төмен мамандарға жұмыс визасы берілмейді. Мәліметтерге сәйкес 2019-жылдың соңында азаматтығы жоқ 1,3 млн жұмысшы елден кетіп қалған. Ұлыбританияның ішкі істер министрлігі виза жүйесі бойынша қандай да бір пікір білдіруге асықпай отыр. Сондықтан кәсіпкерлердің әзірге ел ішіндегі жұмыс қолына үміт артуына тура келеді. Жергілікті тұрғындар болса, жалақыларын көбейтуді талап етеді. Мамандардың пікірінше, осылай жалғаса беретін болса, экономика әлсіреп, инфляция шарықтауы мүмкін.
Кейт Николлс, UKHospitality қауымдастығының атқарушы директоры:
Әсіресе паб және қонақүй бизнесінің басшылары визаның жаңа түрін енгізуді талап етіп жатыр. Үкімет тапшы мамандықтар тізімін қайта қарап, австралиялық үлгідегі виза жүйесін назарға алуы керек. Сол кезде біліктілігі төмен мамандарға деген сұраныстың артуына байланысты олар Ұлыбританияға заңды түрде орала алады.
Марина Бекенова