Елордада жалған ПТР анықтамаларын сату бойынша екі факті тіркелді. Полиция қызметкерлері жеке медициналық орталықтың директорын ұстады. Ол заңсыз қызмет көрсеткені үшін клиенттерден 6 мың теңгедан алған. Қазір ПТР анықтаманы заңсыз алған адамдардың нақты саны анықталып жатыр.
Еске салайық, жалған құжаттарды дайындағаны немесе сатқандар 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Нұрбол Тасмағамбетов, ҚР ІІМ Тергеу департаментінің аса маңызды істері жөніндегі аға анықтаушысы:
Жыл басынан жалған ПТР-тесттер, вакцинация құжаты және оларды қолдану бойынша 30 қылмыстық іс тіркеуде болған. Осы жылы 24 қылмыстық іс қозғалды. Ал, өткен жылы 6 қылмыстық іс қозғалған.
Ал, Павлодарда медициналық қызметкерлері жалған вакцина төлқұжатын жасады деген күдікке ілінді. Емхана меңгерушісі мен жалпы тәжірибе дәрігері, сондай-ақ екі мейірбике ұсталды. Тергеу барысында медицина қызметкерлерінің вакцина туралы 200-ден астам жалған төлқұжат толтырғаны анықталды. Аталған фактіге қатысты қылмыстық кодекстің 285-бабы бойынша тергеу амалдары басталды.
Амангелді Сейітхан