187 мыңнан астам ақмолалық екпе алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

187 мыңнан астам ақмолалық екпе алды

15.07.2021

Ақмола облысында соңғы аптада екпе алғандар саны артып келеді. Күніне 5-6 мың тұрғын вакцина алуда. Осылайша, екпенің бірінші бөлігін алғандар саны 187 мыңнан асты. Дегенмен бұл - өңірде вакцина алатындардың 45 пайызы ғана. Сондықтан мамандар көпшілікті белсенді болуға шақырады. Оның үстіне коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіші көбейіп жатыр. Ал індетке төтеп берудің бірден-бір жолы екпе қабылдау. Ол үшін дәрі-дәрмектің қажетті қоры бар. Осы айда 50 мың доза вакцина жеткізілген. Алдағы күндері тағы 50 мың доза екпе әкелу жоспарланған. Облыс аумағында 139 вакцинациялау орны жұмыс істейді. 120 жедел топ бар.

Валентина Гришмановская, Көкшетау қалалық емханасы жұқпалы аурулар кабинетінің меңгерушісі:
Соңғы уақытта екпе алып жатқандар көбейді. Бірақ, біз әлі де қажетті көрсеткішке жеткен жоқпыз. Ауруды жеңу үшін, карантиннен бас тарту үшін қоғамдық иммунитет қалыптастыруымыз қажет. Сондықтан барлық тұрғындарды екпе алуға шақырамын. Біз таңнан кешкі 20-00-ге дейін жұмыс істейміз. Жылжымалы орындар да бар. Соны қолданған жөн.

Шығыс Қазақстанда короновирусқа қарсы екпены осы уақытқа дейін 360 мыңнан астам адам алды. Облыс орталығы Өскеменнің өзінде вакцина салдыртқандар саны 100 мың адамнан асты. Мамандардың айтуынша бастапқыдай емес, вакцина салғызамын дегендер күн сайын көбейіп келеді. Бұған қала ішін аралап жүрген жылжымалы вакциналау пунктерінің де ықпалы зор. Қазір қала ішінде 4 мобильді медициналық пункт бар. Облыс тұрғындары емдеу мекемелеріне де көптеп келіп жатыр.

Рая Рахимова, дәрігер, емхана директоры:
Вакцина салудың бірнеше пайдасы бар. Біріншісі, адам өз өмірін қорғайды. Екіншсі, адам өзінің қасындағы ата-анасын, туыстарын қорғайды. Өйткені бір жанұяда бір адам ауырса, одан кейін бәрі ауырады. Ал жас үлкен адамдар қатты ауырады.

Ермек Елберген

Хабарламаларға жазылу