«Дельта» штамы әлемнің 104 елінде тіркелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Дельта» штамы әлемнің 104 елінде тіркелді

13.07.2021

Соңғы бір айда әлемде коронавирус жұқтырғандар мен індеттен қайтыс болғандар саны қайта ұлғайған. Ал, бұдан екі ай бұрын қауіпті инфекциядан өлім-жітім азайған еді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осылай деп дабыл қақты. Әсіресе, «Дельта» штамы өте жылдам тарап, инфекцияның қауіпті түрі 100-ден астам елде тіркеліп отыр. Бұған қоса, халықаралық ұйым әр түрлі вакцинаны араластырып егу мәселесін де қозғады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусқа қарсы әр түрлі вакцинаны араластырып егудің қауіпті екенін ескертіп отыр. Бұған қоса, екпенің екі дозасын алғандар қосымша үшінші вакцина салмағаны жөн дейді.

Себебі, оның денсаулыққа қалай әсер ететінін белгісіз.

Сумья Сваминатан, ДДСҰ бас ғылыми қызметкері:
Бұл қауіпті тенденция. Вакциналарды араластырып салуға қатысты ешқандай дерек, дәлел жоқ. Үшінші, төртінші доза егу мәселесі талқыланатын болса, елдерде түсініксіз жағдай қалыптасатыны анық.

Айта кетсек, бұған дейін бірқатар ел тұрғындарға ревакцинация жасауды және түрлі вакцинаны араластырып салуды құптады. Олардың қатарында Таиланд, Канада, Индонезия, Оңтүстік Корея және Испания мемлекеттері бар.

Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы болса, рұқсат етілген екпелердің толық дозасы ғана ковидтен қорғану үшін жеткілікті деп мәлімдеді. Халықаралық ұйым жетекшілігінің сөзінше, вакциналаудың баяу жүруінен көптеген елдерде эпид ахуал нашарлап кеткен.

Тедрос Гебреисус, ДДСҰ бас директоры:
Ковид жұқтырғандардың саны төртінші апта қатарынан артып отыр. Өлім-жітім де қайта көбейді. Әлемнің түрлі елдерінен ауруханалардың лық толғаны туралы мәлімет күн сайын келіп жатыр.

Джонс Хопкинс унивсеритетінің мәліметіне сай, әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 187 миллионға жуықтап, 4 миллион адам қайтыс болған. Әсіресе, «Дельта» штамы өршіп, жағдай ушықты. Соңғы мәліметтерге сай, ковидтің мутацияланған түрі әлемнің 104 елін шарпып отыр. Бұл орайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакциналау қарқынын тездету маңызды екенін алға тартады.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу